Джефф Безостың бұрынғы әйелі 4 айда қайырымдылық шараларына 4,2 млрд доллар бөлген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джефф Безостың бұрынғы әйелі 4 айда қайырымдылық шараларына 4,2 млрд доллар бөлген

20.12.2020

Дүние жүзіне белгілі Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безостың бұрынғы әйелі Маккензи Скотт соңғы 4 айда қайырымдылық шараларына 4,2 млрд доллар бөлген. Ол өзінің блогында мұнымен тоқтамайтынын жазған, деп хабарлайды BBC. Маккензи Скотт күйеуінен ажырасқаннан кейін әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енген, тізімді Джефф Безостың өзі бастайды, Скотт 18-ші орында.  

4,2 млрд долларды пандемия кезінде америкалықтарға көмектесетін ұйымдарға берген. Скотт, күнін зорға көріп жүрген адамдарға, әйелдерге, саны аз ұлттарға ауыр тиген бұл уақытта миллиардерлердің байлығы артқанына тоқталған. Мысалы, өзінің Amazon -дағы 25 процент акциясының құны биыл 23,6 млрд-қа көбейіп, 61 млрд долларға жақындаған. Себебі пандемия кезінде интернет-сауда артқан еді. Маккензи Скотт былтыр байлығының жартысынан кем емес бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды моральдық міндеттеме деп қабылдайтын антқа қосылған еді, сонда «Менде өте көп ақша бар, мен онымен бөліскім келеді», деген болатын.

Жалпы, биыл ірі кәсіпкерлер, спорт жұлдыздары, басқа да әйгілі адамдар қайырымдылық жарналарын көбейткен. Бұл коронавирус пандемиясына байланысты. Сәуір айында Twitter компаниясының негізін қалаушылардың бірі Джек Дорси 3,9 млрд доллар бөлген. 

Билл Гейтс пен әйелі Мелинда вакцина құрастырып, диагностикалық құрал-жабдықтар алуға 305 млн, «Гарри Поттерді» ойлап тапқан жазушы Джоан Роулинг үйсіздер мен тұрмыстық зорлық көргендерге 1 млн фунт стерлинг бөлген.


Хабарламаларға жазылу