Бірнеше елдің президенттері Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысына құттықтау жеделхатын жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірнеше елдің президенттері Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысына құттықтау жеделхатын жолдады

15.12.2020

АҚШ Президенті Дональд Трамп Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхатын жолдады. Жеделхатта Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты және барша халқымызды ел тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтап, Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және өркендеу жолында отыз жылға жуық уақыт көш бастап келе жатқанын айтқан. Сонымен қатар, Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты да келіп түсті. Владимир Путин өзінің құттықтауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму ісінде зор табысқа қол жеткізгенін, әлемдік аренада үлкен беделге ие екенін, халықаралық өзекті проблемаларды шешуде маңызды әрі конструктивті рөл атқаратынын атап өткен.   

Шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр. Олардың қатарында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Рим Папасы Франциск, Австрияның Президенті Александр Ван дер Беллен бар. Сонымен қатар, Нидерланд Королі, Канаданың Генерал-губернаторы, Малайзияның Премьер-Министрі, Тайландтың Премьер-Министрі, Австралия Генерал-губернаторы, Никарагуа Президенті де жеделхат жолдады.  

Асима Нұрбайқызы  


Тәуелсіздік күні құттықтау жеделхаты

Хабарламаларға жазылу