Топар электр станциясындағы апаттан жұмысшы мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Топар электр станциясындағы апаттан жұмысшы мерт болды

14.12.2020

Қарағанды облысының Абай ауданындағы гидроэлектрстанциядағы жарылыстан кейін өңірдегі барлық жылу орталықтары түгел тексеріледі. Кеше орталықтағы қазандықтың бу құбыры жарылып, 62 жастағы слесарь қайтыс болды. Тағы 3 жұмысшы ауруханаға жеткізілді. Ал, Маңғыстауда жолаушылар пойызында газ баллоны жарылып, 5 адам зардап шекті. Денелерін күйік шалған науқастардың жағдайы өте ауыр.  

Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Топар кентіндегі ГРЭС-2-де қазандықтың бу құбыры жарылып, салдарынан бір жұмысшы мерт болды. Тағы 3 адам ауруханаға түсті. Қазір станцияда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, апаттың себебі тексерілуде. Кәсіпорын басшылығы қайтыс болған жұмысшының отбасына көмек көрсететін болды.  

Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданынан 80 шақырым жерде «Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында газ баллон жарылды. Оқиға таңғы 4 жарымда болды. Салдарынан 2 жолсерік, инкассатор мен «Қазпошта» қызметкері және оның 10 жасар ұлы зардап шекті. Олардың жүк тасымалдайтын вагонға қалай отырғаны белгісіз. Өртенген вагон «Қазпоштаға» тиесілі.  

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:  
-Өрт 5 литр газ баллонның жарылуынан пайда болған. Пойыздың өрт шыққан вагоны толық жанып кетті. Өзге вагондарға өрт таралмау үшін жолаушылар пойызы ажыратылған. Қазір ол жерде зертхана жұмыс істеп жатыр.    

Ал, Павлодарда сауда үйі өртеніп 200-ге тарта адам жұмыссыз қалды. Нысан тұрғын үйге жапсарлас салынған. 50-ден аса дүңгіршекті жалын шарпып, құтқарушылар дүкен ішіндегі адамдармен бірге пәтерлердегі 70-ке жуық тұрғынды сыртқа шығарды.

Тамара Чимакина, кәсіпкер: 
-Құны 2 млн теңгеге жуық тауар жарамсыз болып қалды. Кәсібін сақтандырғандарға біраз жеңілірек болар. Ал, біз жұмыссыз қалмас үшін далада сауда жасауға рұқсат берулерін сұрадық. Қала әкімі келді, бәрі көмектесеміз деп жатыр.    

Жергілікті билік өртенген аумақты тез арада жөндеуге уәде берді. Сондай-ақ, ғимарат қайта іске қосылғанда кәсіпкерлерден 2 ай қатарынан жалға алу құны алынбайды.

Аягөз Оралбайқызы 


Топар электр станциясы

Хабарламаларға жазылу