Мамин: Әкімдіктер азық-түлік бағасын тұрақтандыруы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамин: Әкімдіктер азық-түлік бағасын тұрақтандыруы тиіс

10.12.2020

Сатушылар коронавирустың екінші толқыны мен Жаңа жыл мерекесін сылтауратып, бағаны тағы қымбаттатып жіберуі мүмкін. Бүгін Премьер-Министр бұған жол бермеуге тапсырма берді. Үкіметте еліміздің 11 айдағы әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіші қаралды. Оған сай, жағдай мәз емес. Инфляциямен бірге түрлі тауарлардың бағасы өсіп барады. Жыл басынан бері азық-түлік - 10, киім-кешек 5 пайызға қымбаттаған. 

Ал сауда және интеграция министрі қымбатшылықпен күресе алмай отырған әкімдіктерді сынға алды. Айтуынша, әлеуметтік тауарлар бойынша шекті баға белгіленсе де, сатушылар мұны елемейді. Ал әкімдіктер оларды тексеріп, маниторинг жүргізбейді. Сол үшін баға бетімен кеткен. Бұлай жалғасса, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік құны тағы өсуі мүмкін. Премьер-Министр бұған жол беруге болмайды деді. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Өңірлердің әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтердің бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдасын. Бұл аса маңызды мәселе және әлеуметтік маңызы үлкен. Әлеуметтік экономикалық дамудың жоспарлаған көрсеткіштеріне қол жеткізу және Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін барлық өңір әкімдері нақты шараларды қабылдауы қажет. 

Досжан Маратұлы

Үкімет отырысы

Хабарламаларға жазылу