Көкшетауда жеке сектордан сұйық қалдықтарды шығарумен айналысатын ассенизатор көліктерінің жүргізушілері 2 күннен бері қызмет көрсетуді тоқтатты. Олар осылайша санитарлық бекеттердің жұмысына наразылық білдіруде. Жүргізушілер қалдықтарды қаладан 7 шақырым жерге апарып төгеді. Сондықтан күніне бекеттен бірнеше рет өтуі тиіс. Ал бұл уақыт алады. Салдарынан бұрын күніне 10-ға тарта тапсырыс орындап жүрген жүргізушілердің жұмыс істеу мүмкіндігі 2 есе азайған. Сонымен қатар, көлік иелері қалдықтарды төккені үшін «Көкшетау су арнасына» бір текше метрі үшін - 107 теңге төлейді. Жүргізушілер бұл сома тым көп дейді. Мәселен, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған нысандар үшін тариф - 60 теңге.
Сергей Самара, жүргізуші:-Мүлдем ешқандай жағдай жоқ. Біз осы жылдың көктеміне дейін қаланың ішіндегі кәріз жүйесіне төгетінбіз. Ол кезде «Көкшетау су арнасының» желілерін, сору қондырғыларын қолдандық. Ал қазір мына тұнбаға әкеліп төгеміз. Жол шығыны қосылды. Алайда, тариф арзандаған жоқ. Тұрғындардан алатын ақыны өсірейік десек, олар да қарсы.Светлана Дяткова «Көкшетау су арнасы» мекемесінің бөлім басшысы:-Ассенизатор иелері - жеке кәсіпкерлер. Олар бізбен заңды тұлға ретінде келісімшарт жасаған. Сондықтан да олар заңды тұлғаларға арналған тариф бойынша 107 теңге төлейді. Ал тарифты табиғи монополияларды реттеу департаменті бекітеді. Бұл кәсіпкерлік орта. Сондықтан қызмет құнын өздері реттеу керек.
Ал көліктердің санитарлық бекеттен кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері тиісті мамандарға тапсырма берілетін жеткізді.
Ермек Елберген