Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер қаржылай грантты үлестіру шешімімен келіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер қаржылай грантты үлестіру шешімімен келіспейді

08.12.2020

Шығыс Қазақстанда «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша қаржылай грант алмақшы болған кәсіпкерлер байқау комиссиясының жұмысына наразы. Олардың айтуынша, мемлекеттің ақшасын үлестіру кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілді. Бизнес жоба жасап, оны жүзеге асыру үшін 2 милионнан 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алғысы келгендер еліміздің бизнес-омбудсменіне хат жазып, көмек сұрады. Биыл Шығыс өңіріне «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 517 миллион теңге бөлінді. Конкурстық комиссияға 483 арыз түскен. Олардың ішінен 106 жобаның авторы жеңімпаз деп танылды. Грантқа қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер мемлекеттің ақшасын үлестіруге жауапты комиссияның шешімімен келіспейді. Олар грант иеленгендердің тізімін ашық көрсетуді талап етіп отыр.   

Ержан Есенов, Өскемен қаласының тұрғыны: 
-Комиссияның бәрін жемқорлыққа қарсы қызмет тексерсін. Біздікі 100 процент рентабельді болған, жақсы, грант бермей қойды. Енді өзіміз білгіміз келеді, кімге берілгенін. 
Ольга Григорьева, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
-Байқау комиссиясының құрамы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды беру туралы ережеге сай жасақталады. Бұл ереже Үкімет қаулысымен бекітілген. Осы құжатқа сай бүкіл жеңімпаздар туралы мәлімет құпия болып саналады. Комиссияның шешімін қайта қарау жолдары да қарастырылмаған. Соңғы шыққан ережеде біраз кемшілік бар екені рас. Қазір біз ұлттық экономика министрлігіне хат дайындап, өз ұсыныстарымызды жеткізбекпіз.  

Берік Көшербай


Шығыс Қазақстан кәсіпкер қаржылай грант

Хабарламаларға жазылу