Ақтөбеде екі жыл бұрын салынған мәйітхана әлі күнге дейін қолданысқа берілмей тұр. Оның құрылысына 215 миллион теңге жұмсалған. Ал, өңірде COVID-19 вирусы өршіп, індеттен көз жұмғандар саны артқан кезде, мәйіттерді қоятын орын жетпеген. Жаңа нысанның пайдалануға берілуіне не кедергі? Жақсыбек Кемал айтады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын біткен. Содан бері қолданысқа берілмей тұр. Қажетті құрылғылардың көбі әкелінгенмен, іске қосуға кедергі көп.
Бұл жерде бұрын ескі мәйітхана болған. Бес жыл бұрын апатты деп танылып, бұзылды. Орнына мына тұрған жаңа ғимарат бой көтерді. Құрылыс уақытында біткенмен, жаңадан әкелінген құрылғылар әлі күнге дейін рәсімделмеген. Қазір ғимарат Құрылыс басқармасынан Қаржы басқармасының балансына өткен.
Жамбыл Нұрбаев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
Жобаға медициналық құрылғының 30 түрі енген. Ғимаратты тапсыру кезінде оның 26-сы мемлекеттік реестрге тіркеуден өтпей қалған. Себебі, ол құрылғылар Қазақстан нарығына жеткізуге рұқсаты жоқ зауыттан шыққан. Дегенмен, келісімдер жасалды, қазір тек үшеуінің ғана мәселесі шешілмей тұр.
Ең сорақысы, індеттен қайтыс болғандар саны күрт көтейіп кеткен кезде мамандар мәйіттерді балалар ауруханасына апарып қоюға мәжбүр болған. Одан бөлек, арнайы мұздатқыш контейнер алынған. Бұл контейнер әлі күнге дейін қолданыста.
Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Облыстық мәйітхана жанынан тағы арнайы контейнер орналастырдық. Сыйымдылығы 20 орындық. Бірақ ондай қажеттілік туындап отырған жоқ, соңғы күндері бізде ешқандай өлім тіркелмеген.
Қазір жаңа ғимараттың есігі тарс жабық. Бізге ішіне кіріп, көруге рұқсат етілмеді. Дегенмен, жауапты мамандар қалған құрылғылар жыл соңына дейін тіркеуден өтіп, пайдалануға беріледі деп сендірді.
Жақсыбек Кемал