Ақтөбеде 2 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген көпқабатты үйдің сапасы сыр берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 2 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген көпқабатты үйдің сапасы сыр берді

25.02.2019

Ғимараттың қабырғасы төменнен жоғары қабатқа дейін жарылған. «Ол жарық күннен-күнге үлкейіп бара жатыр», - дейді тұрғындар. Қызығы, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған бұл үйде 2017 жылы су тасқынынан зардап шеккендер мен мемлекеттік қызметкерлер тұрады.

Бекболат Жаңатаев «баспанаға алғаш кіргенде қуанышымда шек болмады»,-дейді. Алайда, сол қуанышы ұзаққа созылмады. Үш жыл мерзімге берілген арендалық пәтерінің қабырғалары мен төбесіне түскен жарық оны сары уайымға салды.

Бекболат Жаңатаев, қала тұрғыны:

- Үйде бала-шағамыз бар, түсіп кете ме деп қорқамыз.

Мұндай сызат пәтерлердің көбінде бар. Арендалық үй болғасын тұрғындар «мәселені ашып айтуға жасқанамыз»,-дейді. Ең қорқыныштысы - кіреберістегі мына жарық. Ол күннен-күнге үлкейіп бара жатқандықтан, тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленеді.

Ботагөз Балисанова, қала тұрғыны:

- Жаздан бері осындай. Мұндай үлкен болмап еді. Үлкейіп бара жатыр.

Алайда, тұрғын үй құрылысына жауапты мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. «Үлкен сызат бес қабатты екі үйдің арасында, ол солай болуы тиіс»,- дейді. Ал, пәтерлердегі жарық туралы сұраққа нақты жауап болмады.

Мамандар ғимаратты толығымен тексеріп, тұрғындар өміріне қауіпті еш нәрсе жоқ деген ұйғарым жасады.

Құрылыс барысында кеткен олқылықтары мердігер компания өз есебінен жөндеп беруге міндеттелді. Ол жұмыстар тез арада басталуы тиіс.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу