Түркістандағы инфекциялық госпиталь қолданысқа берілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы инфекциялық госпиталь қолданысқа берілмей тұр

18.08.2021

Түркістандағы модульді инфекциялық госпиталь салынып біткенімен, қолданысқа берілмей тұр. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, наурыз айында толықтай аяқталған. Алайда содан бері 5 ай өтсе де емдеу мекемесі ел игілігіне жарар емес. Ал, 200 мыңға тарта халқы бар Түркістан қаласында науқастар көбейіп кеткен соң орталық ауруханадағы бөлімді жауып, жекеменшік клиниканың үш қабатты ғимаратын жалға алуға тура келген. Әріптесім Айнұр Ақбаева заманауи госпитальдің не себепті тапсырылмай тұрғанын анықтап көрді.

Айнұр Ақбаева, тілші:
Түркістан қаласының іргесінде бой көтерген мына ғимараттың құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Құрылысшылардың айтуынша, нысанның аса қажеттілігін ескеріп, құрылысқа кей күндері 4 мыңға дейін жұмысшылар тартылған. Ал, құрал- жабдықтарын жеткізіп, орнатумен қосқанда наурыз айында толықтай тапсыруға дайын болған. Содан бері бес ай өтсе де жауапты басқарма госпитальді қабылдауға асығар емес.

200 орынға лайықталған нысанның құны - 7 млрд 700 млн теңге. Облыстық құрылыс басқармасының мамандары ғимаратты тездетіп салу керек болған соң жобалау сметалық құжатты да құрылыс жұмыстарынан кейін жасалғанын айтады. Кешіктіріліп жатқан сәйкес нысанның жоба бойынша қолданысқа беру мерзімі биылғы жылдың желтоқсан айында болып шықты.

Төлеби Мырзалиев, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы: 
Бұл нысанның құрылыс жұмыстары наурыз айында аяқталды. Құрал-жабдықтары да толықтай орнатылып бітті іске қосылып. Бұдан бөлек құрылыс жұмыстарымен қатар параллельно бізде жоба сметалық құжаттары әзірленді. Бүгінгі таңда бізде 6-шы тамыздан бастап мемлекеттік қабылдау актілері түзіліп, Түркістан қалалық ауруханасының теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Құжат рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқанда індет құрығына іліккендер қатары күннен-күнге артып барады. Қаладағы жалғыз инфекциялық бөлімшеге тәулігіне 30-ға тарта науқас түсіп жатқан соң медицина қызметкерлеріне ауруханадағы бір бөлімді жауып, жекеменшік клиниканың ғимаратын жалға алуға тура келген.

Жанболат Ділдәбеков,  Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері: 
Он жеті төсек орынға арналған тері-венерология бөлімшесі жабылды уақытша. Жәнеде қосымша ғимарат берілді жекеменшік Ақмарал клиникасының үш қабатты ғимараты берілді. Модульді аурухананың тағы аяқталмаған жұмыстарының болуына байланысты ол әлі толық қабылданған жоқ.

Қазір инфекциялық бөлімшеде 114 науқас емделіп жатыр. Олардың арасында жақын маңдағы төрт аудан-қаладан жеткізілген жағдайы ауыр сырқаттар мен жүкті әйелдер де бар. Әрі Түркістандағы орталық ауруханада жалғыз компьютерлік томография бар. Өкпенің қанша пайызы қабынғанын анықтайтын бұл құрылғы қазір ауруханадағы 300 науқасқа ғана емес, 200 мыңға жуық халықтың игілігіне жарап тұр. Модульдік аурухана ашылса, қажетті құрал-жабдықтар да жеткілікті болар еді, дейді мамандар.

Ал, дайын тұрған госпитальдың қай уақытта пайдалануға берілетіні әзірге белгісіз. Өйткені жаңа нысанды қабылдау жұмыстарының қашан аяқталатынын нақты ешкім дөп басып айта алмай отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу