Семейде 80 жыл бұрын салынған үйдің төбесі ортасына түсейін деп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде 80 жыл бұрын салынған үйдің төбесі ортасына түсейін деп тұр

15.02.2019

Семейде ІІ Дүниежүзілік соғысқа дейін салынған көпқабатты ескі үй құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қабырғалары үгіліп, едендері шіріген. Тоз-тозы шыққан үйдің тұрғындары «құлап қалмаса екен» деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Ол аздай, жертөлені күнде ыстық су басып, жұртқа төнген қауіп арта түскен.

Үйдің жертөлесінің барлығы қазір суға толып тұр. Ғимарат 1937 жылы салынған көрінеді. Онсыз да ескі қабырғалар қазір сыз тартып, мынандай болып үгіліп жатыр.

Зейнеткер Зәуре Еңсебаева жертөледегі сумен әуре. Күнделікті жұмысы сол. Іркілдеген суды сорғызады. Бірақ одан қайыр жоқ. Күн құрғатпай, қайта толады. Судың қайдан келіп жатқаны білгісіз.

Көне үйдің қабырғалары ылғалдан одан сайын үгітілсе, бірінші қабаттағы пәтерлердің едендері опырылып жатыр.

Гүлсовет Болатжанова, тұрғын:

- Мынаның бәрі тіреумен тұр. Әрі қарай үйге дейін ыс көтеріліп кеткен. Бұның үстінде асхана.

Салынғанына 82 жыл болған үйдің әбден тозығы жетсе де, әлі күнге апатты деп танылмаған. «Тану үшін тұрғындар өз қалтасынан ақша шығарып, сараптаманы өздері жасатуы тиіс»,-дейді әкімдіктегілер. «Әзірге судың қайдан келіп жатқанын анықтайтын арнайы комиссия құрамыз»,-деп шығарып салды.

Жалпы, Семейде 21 апатты үй бар. Алайда, олардың тұрғындарына басқа баспана алу үшін, ешқандай жеңілдік қаралмаған. Ал, Әуезов көшесіндегі 91-ші үй тұрғындары жергілікті биліктен жедел көмек беруін талап етіп отыр. «Өйткені үй опырылып құласа, опат боламыз ба»,-деп қорқады.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу