Алматы облысының аудандық ауруханаларында ПТР зертханалар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының аудандық ауруханаларында ПТР зертханалар ашылды

04.12.2020

Алматы облысының аудандық орталық ауруханаларына ПТР зертханалар ашылып, оттегі өндіретін станциялар қойылып жатыр. Сондай-ақ өңірде жедел жәрдем көліктері жаңартылып, тұрғындар үйден де сапалы қызмет ала бастады. Осылайша мамандар өзге де дертке шалдыққан жандарға коронавирустың жұғуына жол бермеуде. 

Іле аудандық орталық ауруханасында ашылған ПТР зертхана бір күнде мың адамнан коронавирустың бар-жоғын анықтай алады. Бірақ қазір ондай қажеттілік жоқ. Анықтама қажет еткен немесе күдік тудырған тұрғындар ғана келіп сараптама жасатуда. Жас пен жасамысты емханаға сабылтпау үшін дәрігерлер үйге барып қызмет көрсетуде.  

Бауыржан Ысқақ, Іле аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
65 тен жоғары азаматтардың бәрін үйінен барып тексеріп, анализдерін сол жерден алып, сосын кішкентай сәбилерді үйден консультациясын беріп, тексерулерін алып, жұмыс атқарып жатырмыз. 

Ауруханада қорғаныш заттар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталған. Халық саны 300 мыңнан асатын Еңбекшіқазақ ауданының емдеу мекемесінде қажетті құрал жабдықтың бәрі бар. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бельгиядан әкелінген оттегі станциясы сағатына 19 текше метр оттегі өндіреді. Дәл осы жерден 127 нүктеге тікелей жеткізіледі. Сондай-ақ арнайы оттегі баллондары да толтырылған. Дәл осындай станция Алматы облысындағы барлық аудандық ауруханаларға орнатылып жатыр. 

Бұл ауданда дәл қазір 24 адам ем қабылдап жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр. Бірінші толқында 1200-ден астам адам вирус жұқтырып ауруханаға жатып шықты. 43 адам дерттен көз жұмды. 

Жансая Әліпбаева, отбасылық емхана меңгерушісі:
Қанша жерден медқызеткерлер науқастың денсаулығын қорғау үшін атсалысқанымен, науқастар жағынан бізге қолдау аз болды. Соның нәтижесінде бұл вирус тез тарап, бізді әбігерге салды. 

Жалпы, Алматы облысында 10 зертхана жұмыс істеп тұр. Тәулігіне бес мың сараптама жасауға қауқарлы. Ал емдеу мекемелерінде 530-дан астам өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Қуаныш Қанатұлы

ПТР Алматы облысы

Хабарламаларға жазылу