Қала мәртебесінен айырылған елді мекен тұрғындарының жалақысына үстемақы қосылады

03.12.2020

Қала мәртебесінен айырылған елді мекен тұрғындарының жалақысына үстемақы қосылады. Сонымен қатар, ауылдағы ағайын мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіптік білім алғанда жеңілдіктерге ие болады. Сенат әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы Заңға өзгерістер енгізу жайын талқылады. Депутаттардың пікірінше, құжат елді мекендердің дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етпек. 

Солтүстіктегі Мамлютка қаласы облыс орталығынан небәрі 50 шақырым жерде орналасқан. Шаһар мәртебесін 1969 жылы алған. Бірақ, тоқырауда тұралап, экономикасы шатқаяқтағасын тұрғындары тарай бастады. Халық саны 7 мыңға да жетпейді. Әлеуметтік нысандар істегенімен, дәрігерлер ауыл мамандарына берілетін жеңілдіктерден қағылып отыр.  

Тойжан Асылбекова биыл ғана мектепке орналасқан жас маман. Қала болғасын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүрмейді. Ал, аты қала болғанымен заты ауыл Мамлюткаға мамандардың келгісі жоқ дейді.  

Тойжан Асылбекова, мұғалім:    
-«Дипломен ауылға» бағдарламасы. Түлектердің жалақысы көп болып, басқа да жағдай жасалар еді, үй берілер еді. 

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, қазір елімізде аудандық маңызы бар 48 қаланың 13-де тұрғындар саны 10 мыңға жетпейді. Алайда, қолданыстағы заңнамада бұл шаһарлардың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған.

Халық саны 10 мыңға жетпейтін аудандық маңызы бар қалалар:

Ақмола облысы – 3; 
СҚО – 3; 
Ақтөбе облысы – 2; 
ШҚО – 2;  
Қарағанды облысы – 1; 
Қызылорда облысы – 1; 
Маңғыстау облысы – 1; 

Ал заңға енгізілген түзетудің ұтымды тұсы –халық мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға қол жеткізеді, - дейді сенатор. Мәселен, түрлі сала қызметкерлерінің жалақысына 25 пайыздан кем емес үстемақы қосылады. Мұндай мүмкіндікке 5 мыңнан аса адам ие болмақ.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге және жер, мүлік салықтарына қатысты жеңілдіктермен қоса, «Дипломмен ауылға», «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіптік білім алу мен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға қатысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алатын болады.  

Айта кетерлігі, шаһарларды елді мекен ретінде қайта құру туралы шешімді қабылдау өкілеттігі Президентке берілді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органның пікірі ескерусіз қалмайды. Қабылданған құжаттың тағы бір маңызды тұсы - халық саны 400 мың адамнан асатын қалаларда аудан құрылатын болды.

Дарын Сағитов 


Қала мәртебесі елді мекен жалақы үстемақы

Хабарламаларға жазылу