Қала мәртебесінен айырылған елді мекен тұрғындары қосымша қолдауға ие болады - депутат

03.12.2020
Қала мәртебесінен айырылған елді мекен тұрғындары қосымша қолдауға ие болады - депутат

Cенат дерутаттары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді және еліміздің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, оның ішінде аудандық маңызы бар қалалардың ағымдағы мәртебесін толық көлемде қамтуға бағытталған. 

«Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халық саны 10 мың адамнан кем емес елді мекендер жатады. Қазіргі уақытта 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халықтың саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындады. Дегенмен қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған», - деді депутат Нұрлан Бекназаров. 

Осыған орай депутаттар заң жобасына түзетулер енгізді. Атап айтқанда, қала мәртебесінен ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда сонда тұратын азаматтар ауыл тұрғындары үшін заңдармен қарастырылған мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға ие болуы назарға алынған. 

«Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерінің жалақысына жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша 25 пайыздан кем емес үстемақы қосылады. Оған қосымша тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге, жер, мүлік салықтарына қатысты жеңілдіктермен қоса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіптік білім алу мен ауылдық жерде кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға қатысты бірқатар жеңілдікті пайдалана алады», - деп түсіндірді Бекназаров. 

Сондай-ақ заң жобасы негізінде Президент пен Үкіметтің өкілеттігі кеңейеді. Енді Мемлекет басшысы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды басқа елді мекендерге қайта құру туралы шешім қабылдай алады. Ал Үкіметке республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды басқа елді мекендерге қайта құру туралы ұсыныс енгізу құзыреті беріледі.

Хабарламаларға жазылу