Әлеуметтік желіде саудагерлер тұтынушыларды таразыдан жеген видео тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желіде саудагерлер тұтынушыларды таразыдан жеген видео тарады

26.11.2020

«Қостанайдың орталық базарында саудагерлер тұтынушыларды таразыдан жеген». Бүгін әлеуметтік желіде осындай мазмұндағы бейнежазба желдей тарады. Жұртты дүрліктірген бейнежазбаның шындыққа қаншалықты жанасатынын Дәуренбек Әбдібек анықтап көрді.  

Бейнежазбаға қарағанда бұл базардың жеміс-жидек сататын бөлімі. Таразы табағы мен сөре астындағы ағашқа байланған жіп арқылы сатушы, тауар салмағын өз қалауынша көбейте алады. Мән-жайды білмек болып, орталық базарға бас сұқтық.   

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
- Бұл Қостанайдағы ең үлкен орталық базар. Көпшілік арасында жасыл базар деп те аталады. Бейнежазбаның мазмұнына қарасақ, жіп байланған таразылар тап осы жерде түсірілген. Бірақ ішке кіру мүмкін болмады. Күзетшілер бізді базар ішіне жібермеді.  

Яғни базар әкімшілігі түсінік бермек түгілі түсірілімге рұқсат бермеді. Ал облыстық полиция департаменті бейнежазбаға байланысты тергеуді бастады.

Кенже Қонысбай, облыстық ПД баспасөз хатшысы: 
- Әкімшілік кодексінің тұтынушыларды алдау, яғни 190-бабына сәйкес тергеу жүріп жатыр. Жергілікті полиция өкілдері қазір бейнежазбаларды қарап, қай сатушының әрекеті екенін анықтау үстінде.  

Дегенмен орталық базарды тексеріп жатқан учаскелік полиция қызметкерінің уәжі басқа. Ол бейнежазбада көрсетілген механикалық таразылардың орнында қазір электронды таразылар тұр дейді. Сондықтан тұтынушыларды таразыдан жеу әрекеті нақты осы сауда орнында болған болмағанын әзір ешкім дөп басып айта алмайды.  

Дәуренбек Әбдібек 


Әлеуметтік желі саудагер таразы

Хабарламаларға жазылу