Алматыда пандемияның жаңа толқынына дайындық шаралары алдын ала қабылданды. Қазір алып шаһардағы эпидахуал тұрақты. Қала бойынша 7 мың науқасқа шақталған 23 ковидті стационар дайын. Жаңа 2 клиниканың құрылысы аяқталды.
Алматыдағы эпидемиялық жағдайды асқындырмау үшін науқастарды жылдам әрі уақытылы медициналық көмекпен қамту басты назарда тұр. Соңғы үш айда қалада инфекциялық төсек-орындар саны екі есе көбейді. Соның бірі - жақында ғана пайдаланылуға берілген Теректі ықшам ауданындағы Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Модульді госпиталь 300 баланы қабылдауға қауқарлы.
Қарлығаш Әбдрахманова, Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалы бас дәрігерінің орынбасары:-Бірінші кезекте ол баланы изоляция жасалынып, ауруханамыз аймақтарға бөлінген. Сол аймаққа науқас жатқызылады және мемлекетімізде бекітілген хаттама бойынша ем тағайындалады.
Мегаполисте медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен дайындығына ерекше назар аударылған. Жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры жасалды. Қалада медициналық бетперде шығаратын отандық 6 ірі өндіруші бар. Тұрғындар 18 ПТР зертханада Ковид-19 вирусына тест тапсыра алады.
Қарлығаш Әбдрахманова, балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалы бас дәрігерінің орынбасары:-Екінші толқынға жоғары деңгейде дайынбыз. Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Коронавируспен ауыратын науқастарға қолданылатын дәрілік препаратымыз да толығымен жеткілікті.
Қазір шаһарда медициналық өнімдер бойынша 10 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры жұмыс істеп тұр. 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін кемінде 40 млн дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралын жеткізу жоспарлануда. Осылайша қала билігі Алматыдағы эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруды көздеп отыр.
Жазира Оразқызы