«Батыр аналар» ең көп жеті өңір - министрліктің мәліметі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Батыр аналар» ең көп жеті өңір - министрліктің мәліметі

25.11.2020
«Батыр аналар» ең көп жеті өңір - министрліктің мәліметі

5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жасында зейнетке шыға алады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  qazaqstan.tv редакциясының ресми сауалына жауап берді. Көпбалалы аналарға беріліп жатқан қосымша көмек пен қай облыс орталығында туу көрсеткіші жоғары екені белгілі болды. 

2020 жылдың қарашасындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иеленген 232 745 ана бар.  

«Соның ішінде, Түркістан облысында 60 мыңнан астам, Алматы облысында 28 мыңнан астам, Жамбыл облысында 19 мыңнан астам, Қызылорда облысында 17 мыңнан астам, Шығыс Қазақстан облысында 14 мыңнан астам, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында 11 мыңнан астам батыр аналар бар», - деп хабарлаған министрлік батыр аналары көп аймақтарды атады.

Жалпы, қазіргі заңнамаға сәйкес, «Алтын алқа» жетінші сәбиі 1 жасқа толған кезде және алты баласы тірі болған жағдайда беріледі. Ал, алты баласы барлар «Күміс алқа» иегері бола алады.  

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының көлемі - 6,4 АЕК немесе 17 780 теңге», - деп хабарлайды министрлік.  

Оларға берілетін жәрдемақы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар» туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес төленеді.  

Жалпы, былтырғы өзгерістерге сәйкес, қазір Қазақстанда төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші баласы бар отбасыға 44 532 теңгеден 77 951 теңгеге дейін, сегіз және одан көп баласы бар отбасыларп әрбір балаға 11 112 теңгеден жәрдемақы алады.  

«Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен жеңілдерге тоқталар болсақ, олар бірінші кезекте ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына сәйкес тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.«Батыр ана» атағын алғандар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері жер, мүлік және көлік салықтарынан босатылады. «Күміс алқа» иегерлеріне жергілікті бюджет есебінен жеңілдіктер белгіленуі мүмкін. Ал, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы», - деп хабарлаған дереккөз.  


Батыр аналар көп балалы ана Еңбек министрлігі жәрдемақы алтын алқа

Хабарламаларға жазылу