Шымкентте қыс ортасында жаңа көпқабатты үйдің құбырлары жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қыс ортасында жаңа көпқабатты үйдің құбырлары жарылды

20.11.2020

Шымкент қаласы «Тұран» шағын ауданындағы жаңадан салынған көпқабатты үйдің су, кәріз, жылу құбырлары шетінен жарылып, жұрт қыстың аязды күнінде әбігерге салынды. Ол аздай осыдан небәрі үш жыл бұрын тұрғызылған баспананың қабырғалары да сызаттанып, жарыла бастаған. Осылайша жаңа қонысқа ие болдық деп қуанған жұрттың жайғасып болмай жатып, есі шықты.  

Жайбарақат отырған жанұя аяқ астынан көлкіген судың ортасында қалды. Жалпы тоғыз қабатты үйге жайғасқан отбасылардың толарсақтан су кешпегені бірең сараң. Мұндайда дереу үйдің еденін талқандауға тура келеді. Өйткені су мен жылу құбырлары еденнің астымен жүргізілген.  

Мағжан Тәшкенбай, Шымкент қаласының тұрғыны: 
-Қосалқы бөлшек пен материалдың арзанын алған. Одан кейін полдың астынан жіберген жағдайда жастықшасын қоймай кеткен.  

Көлкіген судан қабырғаларда сары жағал із қалған. Электр сымдары тұйықталып, өрт шыға жаздаған кездер де болды.

Көпқабатты тұрғын үй 72 пәтерлі. Барлығы да ипотекалық несиеге берілген. Құрылысы екі жыл бұрын бітсе де әлі күнге қоныстанбаған отбасылар бар. Келуге жүрексінеді. Бірақ қаңырап бос тұрған үйге ай сайын қыруар ақша төлейді.

Нұрлан Нұрмағанбетов, Шымкент қаласының тұрғыны: 
-Бұл жерден үй алғаныма 1 жылдан асты. Пәленбай мың ақша төлеп жатырмыз. Бірақ көшіп келуге қорқамыз. Себебі әр жерден су ағып жатыр. Күндіз-түні айқай.  

Бұл үйлерді «Бәйтерек девелопменттің» тапсырысымен «Отау құрылыс» компаниясы тұрғызған. Бас мердігер өзі үлгермейтін болған соң құрылысты қосалқы компанияға сеніп тапсырған. Ақшаны үнемдеп, арзан құрылыс материалымен көзбояушылық жасаған солар болып шықты.

Дархан Қасымбаев, мердігер компанияның прорабы: 
-Кемшілік қосалқы мердігер жақтан кеткен. Кемшілік болғанда қазір ешкімге гарантия жоқ. Оны істеп беріп жатырмыз.  

Тұрғындардың жанайқайынан соң бас мердігер өз қаржысына қазір ақауларды жөндеп беруде. Еден астымен жүргізілген құбырларды бетіне шығарып екі шығынданып жатыр. Атқарылған жұмыстардың сапасына кепілдік мерзімін тағы екі жылға ұзартуға мәжбүр.

Ғани Қалмаханов 


Шымкент көпқабатты үй құбыр

Хабарламаларға жазылу