Шымкентте жаңа шағын аудандағы үйлерде жылу мардымсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа шағын аудандағы үйлерде жылу мардымсыз

07.12.2022

Шымкентте жаңадан бой көтерген шағын аудандағы 10-нан астам көпқабатты үйдің тұрғындары күн суытқалы бүрсең қағып отыр.

Қыс қаһарына мінгенде жылу жеткілікті мөлшерде берілмей келеді. Тұрғындар амалсыз пәтерін электр қондырғылармен жылытуға мәжбүр. Соның салдарынан жұрт коммуналдық төлемге артығымен шығынданып отыр. Амалы таусылған соң адамдар есігін жауып, туысқандарын паналап кеткен.

Нұрғайша Дүйсенбай, қала тұрғыны:

Тамақ істегенде тамақтың буымен ғана үйіміз жылиды. Плитаны қосамыз. Бала-шағамызды шомылдыра алмаймыз. Жаурайды, қалың киімін кигізіп, үстіне көрпе жауып қоямыз.

Гүлсая Бастар, қала тұрғыны:

Үй тас кесек салқын, кішкентайларымыз қай-қайта ауырып жатыр. Дәрі-дәрмек алып жатырмыз, ыстығы шығып. Қанша жарыққа ақша айналып жатыр. Жылуға келіп жатыр. Ертең қыстың соңына дейін қандай болады білмеймін.

Қала әкімінің орынбасары жылу жүйесінде ақау пайда болғанын айтады. Бірақ мамандар оны әлі күнге анықтай алмай отыр.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

Бұл жерде екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі электр жүйесіндегі ақаулар. Фазалар ауысып кетуі мүмкін. Жылу алмастырғыш қуаттылығын көбейту керек шығар деген де жорамал бар. Қазір солармен айналысып жатырмыз.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу