Карантин талабын қасақана бұзып, жасырын түрде кәсібін дөңгелеткендер тиылмай тұр. Бұл әсіресе көңіл көтеру орындарына қатысты. Елордадағы Маестро караоке-барына тексеру жүргізген мобильді топ өкілдері думанды мерекенің үстінен түсті. Полицейлер тым-тырақай қашқан 50 шақты демалушыны әр қуысқа тығылған жерінен тапты. Ал әкімшілер түсінік беруге асықпайды. Көңіл көтеру ғимараттары сырт қарағанда карантин талаптарын сақтап тұрған сыңайлы. Бірақ шын мәнінде олай емес. Жасырын сауық құрғандардың қулығын сақшылар байқап қалды.
Бұл Тұран көшесіндегі Маестро караоке-бары. Есіктерін іштен жауып алған. Полицейлердің тарсылдатып қаққанына ешкім елең етпеді. Мұндайда есікті бұзып кіруге тура келеді.
Мобильді топ өкілдері ішке жылдам енгенше, демалушылар жасырынып үлгерген. Алайда жаюлы дастарханнан мұнда отырыс болып жатқанын аңғару қиын емес еді. Нысанды ерінбей аралаған тексеруші топ қыдырымпаздарды асханадан тапты.
Бұлардан өзгелері VIP бөлмелерде көңіл көтеріп отырған. Әжетханаға жасырынғандары да бар. Іштен есікті бекітіп алған олар да назардан тыс қалмады.
Қонақтар тараған соң, әкімшілерден түсініктеме алынды. Бірақ олар бизнес сәйкестендіру нөмірін айтудан бас тартты. Кассалық аппаратты да көрсетуге құлық танытпады. Яғни, талапты бұзғанымен қоймай салықтан жалтарып отыр. Әйтсе де, көңіл көтеру орталығына қатысты бүкіл мәліметті мамандар құзырлы органға шақырту арқылы анықтап алатынын жеткізді. Енді нысан иелері айыппұл арқалайды.
Нысаналы Ығыл