«Соңғы екі үш жылда жеке компания жерлеу рәсімін 120 мың теңгеге дейін шарықтатып жіберген. Әйтседе жақындарымыздың бейіті қараусыз жатыр дейді»,- наразы жұрт. Ал, жергілікті билік баға саясатына араласа алмаймыз дегенді айтады. Мәселеге қоғам белсенділері де араласты.
Жақсыбек Кемал, тілші:-2017 жылы қала маңындағы 50 қорымның 43 жекенің қолына өткен. Сенімгерлікке алған компания бұл жерлерді таза ұстап, жерлеу рәсімдерін өткізуі тиіс еді. Алайда, олардың қызметіне тұрғындардың көңілі толмай отыр. Тіпті, консервацияға жіберілген, яғни қараусыз қалған қорымдардың өзіне адамдар жерленген.
Бұл Қурайлы ауылындағы қорым. Тұрғындар оны әу бастан жекеге беруге қарсы болды. Ақшаға құныққандар ақыры қараусыз қалдырды дейді көпшілік. Өйткені, соңғы 2-3 жылдан бері ауыл ақсақалдары күзетші жалдап, қорымның тазалығын өздері қадағалап жүр.
Жолдыбай Ізбағамбет, зейнеткер:-Араларын 4-5 метрден тастап кеткен. Бәрін талқан қылған. Мен қайта адамдарды қойдырып, толтыртқаным. Халыққа жақсылық жасайын деп тұрған жоқ. Ол тек жерге бизнес жасайды. Бизнес қылмау керек молаға. Бұл қасиетті жер емес пе?!
Ал, бұл қаланың қақ ортасындағы ескі қорым. Қараусыз қалғандықтан қаңғыбастардың мекеніне айналған. Қоршаулары бұзылған, құлыптастары қираған. Тұрғындардың кейбірі бақилық болған жақындарын осылай астан-кестеңі шыққан жерге әкеліп жерлеуге мәжбүр. Оның үстіне жерлеу рәсімі 75 мыңнан 120 мыңға бірақ көтерілген.
Абай Сақтағанов, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:-42 500 теңге ең төменгі жалақы алатын адам мынадай қиын жағдайда жақын адамын жер қойнына тапсыра алмайтын жағдайда. Ол өте ауыр болатынын білеміз. Осындай әлсіз тұстарда пайда көрулері біздің наразылық тудырады.
Жерлеу рәсімін өткізетін компания өкілі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал, қала билігі жерлеу рәсімдерін өткізу құқығын сенімгерлікке амалсыз бердік дейді. Өйткені, қала маңындағы қорымдарды күтіп ұстау үшін жылына 150 млн теңге шамасында қаржы керек. Жеке компания қорымдарды таза ұстамаса немесе қоршауларын жөндемесе әкімдік сотқа жүгіне алады.
Мирас Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:-Өзіміз тарапымыздан осындай бағаға жабыңыз деген талап қойылмайды. Шағымдар түсіп жатыр, оған ревизия қарау керек. Мүмкін қоршаулар бұзылып қалған шығар.
Алайда, жерлеу рәсімдерін бір компания ғана өткізіп келеді. Қоғам белсенділері басқаларының бәсекелестікке түсе алмай отырғанын айтады. Енді қорымдардың жағдайын әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия тексереді.
Жақсыбек Кемал