Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр - Нығматулин туроператорлар туралы заңды сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр - Нығматулин туроператорлар туралы заңды сынға алды

18.11.2020
Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр - Нығматулин туроператорлар туралы заңды сынға алды

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс отырысында туристік қызметке қатысты заңға енгізілетін кейбір өзгеріс негізсіз екенін айтты. 

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова отырыс барысында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын қорғады.  Заң жобасының кейбір нормалары Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге ұнаған жоқ. 

«Заң жобасы бойынша туроператорлық жұмысты үш түрге бөлу – сіздерге не үшін керек болғанын ашық айту керек. Ол ең алдымен туристерді сыртқа шығаратын туроператорлардың санын анықтау үшін керек болды. Солай ғой!?» - деп сұрады Нығматулин министрден. 

Ақтоты Райымқұлова бұған дейін шетелге шығатын қазақстандық туристерге қызмет көрсететін туроператорлардың кейде жабылып қалып, мұның қиыншылығын қарапайым туристер сезінгенін айтты. Сондықтан заң жобасы арқылы туроператорлар арнайы лицензиялаудан өтіп, сыртқы туризм саласында еңбек ететін турфирмалар санын айқындау көзделген.   Мәжіліс төрағасы министрдің бұл ұсынысымен келіспейтінін мәлім етті.  Яғни, Нығматулин атап өткендей, Мәдениет министрлігі туроператорлардың мүддесін қорғаймыз дегенді жалаулатып, олардан жарна жинамақшы. 

«Мен бұл ретте «Атамекен» палатасының позициясын қолдаймын. Сыртқы турист «Бүркіт» жүйесінен бастап Шекара қызметіне дейін қаншама тексерістен өтеді. Бәрі де бақыланады. Туроператорлардың санын айқындау сіздерге бір мақсат үшін ғана керек болды. Ол – туроператорларды «Туристік қамқор» қорына жарна аудартуға міндеттеу. Бары осы! Министр ханым, бизнесті қорғаймыз деудің қажеті жоқ. «Атамекеннің» бұл мәселені уақытылы көтергені қандай жақсы болған. Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр. Мынадай жоғары мінберде бизнесті қорғаймыз деп ұрандап, туристік компанияларға керісінше қысым көрсетуге тырысудың қажеті жоқ», - деді Мәжіліс төрағасы. 


Нығматуллин туристік қызмет Ақтоты Райымқұлова Мәжіліс отырысы Мәдениет және спорт министрі

Хабарламаларға жазылу