Депутаттар құрылысқа қатысты жаңа заңды сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар құрылысқа қатысты жаңа заңды сынға алды

13.02.2024

Бүгін Мәжілісте Құрылыс кодексі жобасы депутаттарға таныстырылды. Бірақ, халық қалаулыларының басым бөлігі жаңа құжатты сынға алды. Бірі құрылыс саласында жемқорлық жайлағанын баса айтты. Мәселенің қалай шешілетінін сұрады. Алайда, тұшымды жауап ала алмады. Ал, енді бірі жаңа жобаның ескісінен еш айырмашылығы жоқ деді. Үш заңды қосып, бір заң ретінде көшіріп, қайта енгізе салған дейді депутат Бақытжан Базарбек. Ол: тіпті мұндай заңды 10 сынып оқушысы да жаза алатынын айтып, құрылыс кодексін рефератқа теңеді. Ал жаңа заң жобасын таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин айтылған сынға жұмыс тобының отырысы кезінде егжей-тегжейлі жауап берілетінін жеткізді.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алдымызда құрылыс кодексі. Бұл 177 бет. 34 бөлім. 200 баптан тұрады. Бар болғаны КДС мына министрліктің қосқаны 3,4 бөлім ғана. Қалғандары тек ғана сәулет құрылыс туралы заңы, жеке тұрғын үй туралы заң. Және үлестік қатысу. Ешқандай жаңалық жоқ заң жобада.

Тимур Қарағойшин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:

Біздер бүткіл құрылыс саласын автоматтандырып, цифрландырып қойдық. Сол кезде оның бәрі тәртіпке келеді деп жауап бердік. Кодекстің жұмыс тобының шеңберінде бәрін дәлелдеп, дұрыс болмаса дұрыс емесін мойындаймыз. Біздер қарағанымызды дәлелдейміз. Жұмыс тобының алдында жауап береміз. 


Хабарламаларға жазылу