Әзірбайжан президенті Арменияны халықаралық сотқа бермек

18.11.2020

Әзірбайжан президенті Тауды Қарабақта этникалық армяндардан қайтарылған Джебраил, Физули аудандарын аралап, оларға келген шығынның есептеліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ильхам Әлиев сол шығындар үшін Арменияны халықаралық сотқа беретінін ескертті. 

Айта кетсек, қарашаның 9-да Мәскеу, Баку, Ереван қол қойған бейбіт келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың өз ішіндегі бірқатар территориялар мен оның айнасындағы аудандар Әзірбайжанның қарамағына қайта өткені белгілі. 

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан президенті:
Олар жауап береді. Халықаралық сотта жауап береді. Ал, шығынды есептеуге халықаралық ұйымдар мен сарапшыларды да тартамыз. 30 жыл бойы келтірілген шығын түгел есептелуі керек. Жақында Келбаджарда ормандарды, ғимараттарды, мектептерді өртеген жауларымыз да жауапқа тартылады. 

Ал Түркия парламенті президент Реджеп Тайып Ердоғанға Қарабаққа әскер жіберуге рұқсат берді. Бұл туралы құжатты депутаттардың басым бөлігі мақұлдаған.

Дегенмен, Ресей Анкараның Әзербайжанға бітімгер жауынгер кіргізбейтінін және оның Қарабақтағы қызметі бейбіт келісімнің орындалуын қадағалауға бақылаушы жіберумен шектелетінін мәлімдеп отыр.

Айта кетсек, парламенттің осы шешімінен кейін Түркияның Таяу Шығыстан Африкаға дейінгі аралықтағы әскери іс-әрекеттері тіпті кеңеймек. Анкара бұған дейін Иракқа, Сирияға, Ливияға, Сомалиге, Катарға, Кипрге сарбаз жіберіп, Ауғанстанға, Ливанға, Африкаға, Балқанға бітімгер контингент аттандырған еді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу