Мектеп кітапханаларының жұмыс форматы сын көтермейді - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп кітапханаларының жұмыс форматы сын көтермейді - министр

18.11.2020
Мектеп кітапханаларының жұмыс форматы сын көтермейді - министр

Білім министрі Асхат Аймағамбетов  кітапхана ісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді.

«Көркем әдебиеттің балаларға қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданады. Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударамыз», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.

Министр сондай-ақ кітапханашылардың мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын да мәлімдеді.

«Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастаманы көтерді», - дейді ол.
«Кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет», - деп толықтырды Аймағамбетов.

Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289.


кітапхана ісі Асхат Аймағамбетов

Хабарламаларға жазылу