Талғар аудандық ауруханасы жекеге өтпейді

16.11.2020

Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасы жекеменшікке өтпейді. Медициналық мекеме осы салада бірнеше жыл тәжірибесі бар компанияға 15 жылға сенімгерлік басқаруға ғана берілді. Яғни, аурухана ешкімге сатылмайды. Компания бұл жобаға 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Алғашқы жұмыстар басталып та кеткен. Ал аурухана жекеге өтеді деп алаңдаған халықтың сауалына бүгін ауданның атқамінерлері мен компания өкілдері жауап берді.  

Талғар аудандық ауруханасының ахуалы соңғы кездері нашарлап, тіпті 800 миллион теңгеге жуық қарызға батқан. Тексеру жұмыстары жүріп, берешектің себебі анықталғаннан кейін бұл соманы толықтай өтейміз, дейді компания өкілдері. Сондай-ақ, бөлінген 4 миллиард теңгеге жуық қаржы аудандық аурухананың жөндеу жұмыстарына, цифрландыруға жұмсалады. 

Желіде жалған ақпарат тарап, аурухана қызметкерлері жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдаған еді. Алайда, келісімшарт бойынша жұмыс орындары толық сақталады. Тіпті қызметкерлер санын көбейту жоспарланған. Сонымен қатар, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің шетелде біліктілігін арттыру ісі де қолға алынады. 

Гаухар Байғаринова, компания директорының орынбасары:   
-Бұрын қалай болды, солай сақталады. Қызмет көрсету тегін болады. Біз керісінше жұмыс сапасын арттырамыз. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Медицина саласында қаншама жыл тәжірибеміз болғандықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. 

Келісімшарт бойынша меншік иесі аурухана аумағын абаттандыруы тиіс. Сондай-ақ бөлімшелерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге және аудандағы ауылдық амбулаторияларды қалпына келтіруге міндетті.

Нұрхан Нұрланұлы


Талғар аудандық ауруханасы аурухана

Хабарламаларға жазылу