Денсаулық сақтау министрі менингиттің таралу ошағындағы жағдайды бақылауға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау министрі менингиттің таралу ошағындағы жағдайды бақылауға алды

06.06.2018

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазір іссапармен Алматыда жүр. Менингококк инфекциясының таралу ошағындағы жағдайды бақылауға алды. Бірнеше аурухананы аралаған министр дәрігерлерге қандай талаптар қойды?

Елжан Біртанов Алматыға кеше түнде келген. Өңірге шұғыл түрде жеткен министр түннің бір мезгілі екендігіне қарамастан, бірден жұмысқа кірісті. Ведомство басшысы алдымен менингококк инфекциясынан үш адам қайтыс болған Талғар ауданына барды. Аудандық ауруханадағы медициналық көмектің халыққа қалай көрсетілетіндігін көрді.  

Нұрлан Құлсейітов, Талғар аудандық орталық емханасының бас дәрігері:

- Ауылдық мекенге бұрын министрлер келмейтін. Елжан Амантайұлы өзі аттың басын бұрып, ұшақтан түскен бойда бізге келді.

Талғар мен Қаскелеңнің арасы 58 километр. Дегенмен, жолда кептеліс болғандықтан, жедел жәрдем көлігі өте ұзақ жүреді. Ал, Алматы жарты жолда. Сондықтан, аурудан көз жұмған 19 жастағы Айжан Наурызбаева қиналмасын деп оның жақыны Аида Ахматова Алматыға апаруын өтінген екен. Алайда, бұйрық бойынша облыстың жедел жәрдемі мегаполистің шекарасына кіруге рұқсаты болмаған.  

Нұрлан Құлсейітов, Талғар аудандық орталық емханасының бас дәрігері:

- Қыздың енесі Алматыға апарыңызшы деп фельдшерге қоңырау шалған. Бірақ, Қасклеңге апарды.    

Ушыққан мәселе БАҚ-та талқыға түскендіктен, министр Айжан Наурызбай қайтыс болған Жұқпалы аурулар ауруханасына да барды. Мұнда науқастар министрге шағымдарын айтты. Мәселен, жедел жәрдемді сағаттап күтіп, ақыры келмеген соң көбісі жеке көлікпен жеткен. Алайда, ауруханада орын болмағандықтан, олар дәліздегі ескі кереуеттерге жайғасқан.  

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Сіздер біріншіден санитарлық талаптарды және стационарлық емдеу ережесін бұзып отырсыздар. Бас дәрігер қолынан келген емді жасап жатыр. Егер ауруханада бөлме жоқ болса, не істейді?  

Ал, аурухананың дәлізінде жатса да, түн ішінде келген науқастар алғашында қуанған. Дегенмен, дұрыс қызмет алмаған олар өкпелерін айтты.  

Алматы облысындағы аурухананың мүшкіл жағдайын көзімен көрген Елжан Біртанов өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының басшыларына 1975 жылы салынған Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар аурханасын жауып, орталық аурухананың нысанына көшіруді ұсынды. Бүгінде аймақта 16 аудан бар. Солардың он бесінде бұған дейін Жұқпалы аурулар ауруханасы болмаған. Бұрын тұрғындар жұқпалы дертке шалдықса, Талдықорған немесе Қаскелеңге келетін. Енді өңірде төрт адам көз жұмғаннан кейін содан сабақ алған мамандар әр ауданда шағын орталықтар ашты. Айта кетейік, Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасынің жұмысын тексеріп облыстың ахуалымен салыстырған Денсаулық сақтау министрі баспасөз мәжілісін өткізіп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу