Қостанай облысындағы Ұзынкөл аудандық ауруханасы жөндеуді қажет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Ұзынкөл аудандық ауруханасы жөндеуді қажет етеді

09.12.2022

Қостанай облысындағы Ұзынкөл аудандық ауруханасы жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген.

Содан бері әбден тозып, сылағы құлап, инженерлік желілері шіріп жатыр. Әр жерде кірпіштері кертіліп, түсіп қалған. Жаурап отырмыз деп шағымданбаса да, емхананың бірінші қабаты салқындау екендігін аурухана қызметкерлері жасырмайды.

Биыл әдеттегідей ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазандыққа жаңа пештер орнатылды. Бірақ бұл - жеткіліксіз. 13 мың тұрғынға қызмет көрсететін аудандық аурухананы жөндеу туралы жоба әзір тек қағаз жүзінде ғана тұр.

Нұргүл Әбділмәжитова, гинеколог:

Терезе жақтан жел соққан кезде шынымен аздап суытады, жаңа әйнектер салған, жан-жағы дұрыс бітелмесе керек. Мен осында 13 жыл жұмыс істеймін, адам отыра алмайтындай суық болған кездер есімде жоқ.

Азамат Аужанов, Ұзынкөл ауданының әкімі:

Бұл нысан бойынша жобалық сметалық құжат әзірленді. Жалпы аумағы 5 мың 500 шаршы метр нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 миллиард 280 миллион теңге қажет. Сараптама қорытындысы дайын, енді қаржыландыру мәселесі оң шешілсе, алдағы жылы жөндеуді бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу