Тәуелсіздік күнінде Ұлттық арнадан «Абай», «Әл-Фараби» сериалдары шығады - Ләззат Танысбай

11.11.2020
Тәуелсіздік күнінде Ұлттық арнадан «Абай», «Әл-Фараби» сериалдары шығады - Ләззат Танысбай

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан «Абай» және «Әл-Фараби» сериалдары эфирге шығады. Бұл туралы бүгін «Astanа Media Week-2020» апталығында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай мәлімдеді.

Пандемия кезіндегі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін талқылауға арналған алаң жұмысына отандық және шетелдік топ-менеджерлер, жетекші медиа агенттіктердің сарапшылары, ірі халықаралық ұйымдар мен шетелдік жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік сектор мен продакшн-компаниялардың өкілдері қатысуда. 

«Пандемия Корпорацияның телесериалдар өндірісіне кедергі болғанымен, өндіріс толықтай тоқтап қалған жоқ. Елімізге індет әлі жете қоймаған тұста ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай» сериалының, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы қарсаңында жоспарланған «Әл-Фараби» телехикаясының түсірілім жұмыстары басталып кеткен болатын. Еліміздің әр аймағында жүргізілген түсірілім жұмыстары төтенше жағдайға байланысты сәл кешеуілдеді, десе де, аяқтап үлгердік. Қос тарихи туынды эфирге Тәуелсіздік мерекесінде шығады», - деп атап өтті Басқарма төрайымы. 

Сонымен қатар, Ұлттық арна егемендіктің 30 жылдығына арналған 100 бөлімнен тұратын «Замандастар» , Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың романы желісі бойынша түсірілген «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаяларын ұсынбақ. 

Ләззат Танысбай осы ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген отандық фильмдерге шетелдік нарықтан қызығушылық жоғары екенін жеткізді.  

Биыл «Qazaqstan» және «Balapan» телеарнасының сериалдары АҚШ, Латын Америкасы елдерінде ағылшын, испан және португал тілдерінде көрсетілмек. Келісімшарт АҚШ-тың желілік және спутниктік хабар тарату қызметін жүзеге асыратын «Olympusat» компаниясымен жасалған. Сатылған өнімдер тізімінде «Ғазиз жүрек», «Оралу», «Қашқын», «Жаңғырық», «47 баланың анасы», «Шырағым» телехикаялары мен «Balapan» телеарнасының «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы», «Пырақтар» анимациялық жобалары бар. 

Одан бөлек, жалпы саны 242 бөлімнен тұратын сериал мен анимациялық жоба ТМД-дағы ең үздік онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасы арқылы таралмақ.  

 «Qazaqstan» арнасы телекөрерменге биылғы жылы жалпы саны 300-ге жуық сериядан тұратын 13 отандық телехикая ұсынады.  

Қазақстан Astanа Media Week-2020 Qazaqstan телехикая Balapan

Хабарламаларға жазылу