Алматы метросында қауіпті видео түсірген блогер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы метросында қауіпті видео түсірген блогер ұсталды

11.11.2020
Алматы метросында қауіпті видео түсірген блогер ұсталды

Алматыда метроның артына мінгесіп, қауіпті видео түсірген блогер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Жүріп бара жатқан қоғамдық көлікке жабысқан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жас жігіт өзінің заңсыз әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап отырған. 

«Ол өзінің әрекетін өмірі мен денсаулығына және басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіретінін білмеді деп ойламаймын. Аталған азамат өзін полиция қызметкерлерінің заңға сәйкес шара қолдану үшін іздеп жүргенін біле тұра, мұқият жасырынған, бірақ кеше кешке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабында көзделген құқықбұзушылықты (Теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны) жасағаны үшін ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді метрополитендегі полиция басқармасының басшысы Тимур Өсекбаев.

Айта кетейік, 2 қарашада Youtube желісінде Алматыдағы метрода түсірілген экстремал-блогердің қауіпті видеосы жарияланды. Ол метроның соңғы тіркемесіне жабысып алып, «Алмалы» станциясынан «Абай» станциясына дейін жеткен.

блогер видео полиция

Хабарламаларға жазылу