Шаруалар сойған малдың терісін іске асыра алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар сойған малдың терісін іске асыра алмай отыр

09.11.2020

Шығыс Қазақстандағы шаруалар қой жүні мен ірі қараның терісін кәдеге асыра алмай отыр. Өңірде шикізаты өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Барының өзі әупірімдеп әрең істеп тұр. Жүн мен тері іске татымаған соң қой шаруашылығы да құлдырай бастады.  

Ержан Жақып, тілші:

Шаруалар сойған малдың терісін іске асыра алмай отыр. Мысалы жыл бойы сойылған қой, сиырдың терісін жинап кептіреді. Күзде осылай отқа жағады. Одан басқа амал жоқ.

Нұрлан Өкеновтың 400-ден аса қойы мен 100-ден астам ірі қарасы бар. Жыл сайын малдың терісін де қойдан қырқылған жүнді де осылай өртеп жібереді. Бұрындары табыс көзі болған өнім, қазір қоқысқа айналған.

Нұрлан Өкенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Жүн теріден ешқандай пайда жоқ. Алысқа апарып өртейміз. Шұңқыр қазамыз да көмеміз терісін. Сиырдың терісін қазір 100 теңгеге де алмайды.

Зейнетінен бейнеті көп болған соң ұсақ мал ұстайтын шаруалар да азайған. Қазір облыс көлемінде 1 миллион астам ірі қара бар, қойдың саны да осы шамалас. Облыстағы жүн мен тері қабылдайтын екі шағын кәсіпорын Семейде орналасқан. Алайда, зордың күшімен істеп тұрған олар да жылына шарушылықтардан түсетін 533 мың дана тері мен 3900 тонна жүннің тек 30 процентін ғана өңдеуге қауқарлы. Мәселені, шешетін жергілікті биліктің нақты жоспары жоқ.

Ертай Қуанбаев, ШҚО ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
-Негізгі табыс сол жүн мен теріден болса, қазіргі уақытта бұл пайдаланылмай жатыр. Бұның бірден-бір себебі, обылысымызда ірі өңдеуші кәсіпорынның жоқтығы. Бұл ретте жұмыс жасап отырған екі кәсіпорынды қолдап отырмыз. Әрі инвестор тарту ойымызда бар.

Тері мен жүнді айтпағанда өңірде ет өткізетін ірі өндіріс те жоқ. Шаруалар өсірген малын көбінесе алыпсатарлар арқылы ғана саудалайды. Бұлай жалғаса берсе, онсыз да көсегесі көгермей тұрған ата кәсіппен айналысатындардың қатары тіптен азаяды дейді шаруалар.

Ержан Жақып


Шаруа мал тері

Хабарламаларға жазылу