Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес

23.02.2014
Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес
 
Елдегі «иті қырын жүгіріп», жүрісі өнбей тұрған бір сала ол - жеңіл өнеркәсіп. Кәсіпорындар бар-ау, бірақ, солар 90-шы жылдардағы тоқыраудан әлі ес жия алмай, есеңгіреп тұр. Бәсекеге қабілетсіз.
 
Ақыр аяғында тері-терсек, жүн-жұрқа, мақта-мата секілді шикізатымыз шетел асып, одан әзір өнім болып өзімізге қайта келеді. Біз соны екі есе бағасына сатып аламыз.
 
«Қытайдың, түріктің күртешесі» деп езеурейміз, ал оның былғарысы мына сіз бен біз қонақасыға сойған қойдың терісі екенін біле бермейміз. Егер бізге көршілеріміз экономикалық эмбарго жариялап, алыс-берісті шектесе, онда жалаңаш қалатын шығармыз.
 
Тері деп қалдық. Төрт түлік малдан ішер асы мен киер киімін айырған ағайын қазір ата дәстүрден алшақтап кетті. Қазір елімізде тері-терсек, жүн-жұрқа дегеніңіз босқа шіріп жатыр.
 
Қора-қорада үйілген терілерді өртеп құтылатын болдық. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп зар қағады. Жыл сайын Қазақстан Қытайға 2 миллион ірі қараның, 5-6 миллион ұсақ малдың терісін экспорттайды.
 
Жылына 7,5 миллион тонна тері өнімдері жиналады екен. Барлығы шикізат қалпында вагонмен шетел асады. Себеп сол - өнімді өңдейтін кәсіпорындар аз.
 
Түріктің тоны, Қытайдың аяқ киімі, Италияның сөмкесі... Былғары брендтер. Әлем бізді киіндіріп жатыр. Ал, қазақтың жеңіл өнеркәсібі өрге баспай тұр. Тоқыма және тігін өндірісіндегі отандық үлес - 8 пайыз, аяқ киім өндірісі 1-ақ пайыз. Жеңіл өнеркәсіптің «күре тамыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры қыл үстінде тұр.
 
Мал бағу атакәсібіміз деп дес бермейміз, сөйте тұра, сүтін ішіп, етін жеумен ғана шектелеміз.
 
Саит Заханұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Тері өте құнды зат! Бірақ, біз оны бағалай алмай отырмыз.
 
Елімізде 6 миллион ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады. Терісі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Өз терімізден өзіміз тон тігіп кие алмай жүрміз. Парадокс.
 
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Көп елде шикізат жоқ. Шикізат жоқ болса да, шеттен әкеліп, қайта сатып жатыр.
 
Малдың 80 пайызы жекенің қорасында. Сол қорада талай тері тулақ болып жатыр. Себебі, сатып алар ешкім жоқ. Қалаға әкеліп өткізу еңбекті ақтамайды. Тым арзан.
 
Саит Заханұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Сойған қойдың терісін тастай салады. Неге? Бар-жоғы 100 теңге. Тұздап, шелдеп, кептіріп әуре болмайды. Баға жоқ.
 
Бізде бірнеше тері өңдеу комбинаты бар. Соның бірі - үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылған Семейдегі тері өңдеу зауыты. Ашылғанына 2 жыл болса да, әлі толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазір 30 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Мамандар мұнысын тері тапшылығымен түсіндіреді.
 
Бауыржан Жүсіпов, кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы:
Комбинат күн сайын 10 тонна тері өңдейді. Бұл - өндіріс қуатының тек 30 пайызы. Проблема шикізатта. Дұрыс жеткізілмейді. Сапасы нашар. Ал, зауыт жұмыс істемей тұр деген дақпырт. 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
 
Өзіміздің өндірісі шикізатқа зәру, есесіне шетел  асырып жатырмыз. Жыл сайын 7,5 миллион тонна тері шетелге жөнелтіледі. Біразы заңды жолмен экспортталса, басым бөлігі контрабандалық жолмен қыр асуда. 2012 жылы 17 миллион долларға бағаланатын 23 мың тонна тері экспортталса, өткен жылы 39 мың тонна тері тасымалданған.
 
Аян Көлбай, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің басқарма басшысы:
2013 жылы тері экспортының көлемі 39 мың тоннаны құрады. 2012 жылмен салыстырғанда, бұл 39 пайызға өсті. Қаңтар айының деректеріне сүйенетін болсақ, 3 мың 300 тоннаны құрады. Негізгі бөлігі Қырғыз Республикасы мен Түркияға жөнелтілді. 2013 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, 71 пайызға артқан.
 
Сарапшылар елден жасырын кетіп жатқан тері-терсектен мемлекеттік бюджет шамамен 5 миллиард теңгеден қағылып отырғанын айтады.
 
Гүлжан Марқабай, тілші:
Астананың сыртында мал терісінің саудасы қызып тұр. Ебін тапқандар көк өгіз бен ала сиырдың терісін кәдімгі кәсіпке айналдырған. Қып-қызыл ақша. Алыпсатарлар жергілікті тұрғындардан арзанға сатып алады, сосын біреулерге қымбатырақ бағаға өткізеді. Бірақ, терінің қайда кетіп жатқанын мұндағылардың өздері де білмейді.
 
Серіктің тірлігі тері-терсек сату. Біреулерден алады, біреулерге сатады. Терінің саудасы соғым кезінде қызатынын айтады. Қазір де жаман емес, күніне 20 шақты тері қабылдайды.
 
Серік Әдіханов:
Сиыр терісін 3 мыңнан, 2,5 мыңнан аламыз. Жылқы терісін мың, мың жарымнан. Қой терісін 100 теңгеден аламыз. Енді табыс жөніне келсек, өзіміздің айлығымызды шығарып отырмыз.
 
Ия, Серіктің сөзінің жаны бар. Қазақтың терісінің қызығын Түркия, Қытай, Қырғыз көріп отыр. Әсіресе, Қырғызда шикізатқа деген сұраныс күрт өскен.
 
Аян Көлбай, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің басқарма басшысы:
2013 жылдың деректеріне сүйенетін болсақ, жалпы экспортқа кеткен терінің 61 пайызы Қырғызға, 32 пайызы Қытайға, 5 пайызы Түркияға жөнелтілді.
 
Қырғыздан қалдық. Қазір айыр қалпақты ағайынның 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен шұғылданады. Ресей нарығының 7 пайызын қырғыздар қамтамасыз етіп отыр. Тері илеуге икеміміз жоқ, қолдағы барды ұқсата алмай, бар байлықтан айырылып отырмыз.
 
Саит Заханұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Есептеп қарайтын болсақ, бір сиырдың терісінен 20 пар аяқ киім тігіп шығаруға болады. 20 пар аяқ киімнің бағасы кемінде 15-20 мың теңгеден. Бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімін өндіруге болады.
 
Әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы - Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған - біз.
 
Ауылдағы ағайыннан 400-500 теңгеге сатып алынған сол тері Түркиядан шамамен 200-300 мың теңгенің бағалы былғары тоны болып қайтып келеді.
 
Самғау Нәсіпхан, кәсіпкер:
Жеңіл өнеркәсіптің дамымай жатқанына жүрегім ауырады. Өзіміздің облысымызда өндірілсе, маған және басқа да адамдарға жақсы болар еді. Тері өндірісі қолға алынса ғой.
 
«Ерінбеген етікші болады», Самғау тіккен сапалы саптама етіктер отандық аяқ киім өндірісінің алғашқы қарлығаштары. Етікші жігіт тері өндірісін қолға алсақ, күллі қазаққа етік тігіп беруге қауқарым жетер еді, дейді.
 
Самғау Нәсіпхан, кәсіпкер:
Бәсекеге қабілетті отандық өнім шығарамыз деген жоспарымыз бар. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосып, ұлттық брендтің қалыптасуына өзіміздің үлесімізді қосып жатырмыз.
 
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Біз қазір Кедендік одаққа кірдік. Ресей деген үлкен нарық ашылды. 170 миллион адам бар. Тон киетін, пима киетін Ресейдің Сібірі бар. Осы секілді елдерге малдың терісі мен жүннен жасалатын өнімдерді саудалауға мүмкіндік мол.
 
Бізде қазір жеңіл өнеркәсіптің үлесі 10 пайыз ғана. Ал, экономикалық қауiпсiздiк үшін бұл көрсеткіш 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Малдың терісін өңдеуге түзу көзқарас керек, сонда ғана жаттың тонына телміріп, тері сөмкесіне көзімізді сүзбейміз.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу