Румыния кәсіпкерлері елімізде вагон жөндейтін зауыт ашпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Румыния кәсіпкерлері елімізде вагон жөндейтін зауыт ашпақ

09.11.2020

Румыния кәсіпкерлері Қазақстанда ірі логистикалық орталық пен теміржол вагондарын жөндейтін зауыт ашуға ниетті. Ел үкіметі де Қазақстанмен барлық салада ынтымақты күшейтуге бейім. Қос тарап алыс-берісті арттырудан өзге мәдени-гуманитарлық қатынасты сапалы деңгейге көтеруге құлықты. 

Румыния мен Қазақстан - 28 жылдан бері сенімді серіктес, мызғымас дос. Қос елдің тауар айналымы былтыр 1 млрд 830 млн долларды құрады. Біздің ел Румынияға негізінен мұнай мен шикізат экспорттап, олардан көлік, метал, пластмассадан жасалған бұйымдар, химия өнеркәсібіне қажетті өнімдерді тасымалдап отыр. 2005-2019 жж аралығында румын кәсіпкерлері қазақ экономикасына 1,5 млрд доллардан астам қаржы құйған. Әлі де құя бермек ниетте. 

Груя Стойка, «Грампет групп» компаниясының президенті, «Қазақстан-Румыния» іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
Біз Қазақстанда теміржол вагондарына қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт пен логистикалық орталық салғымыз келеді. Қазақстан - аймақтағы стратегиялық маңызды мемлекет. Оған қоса, жақында Президент Тоқаевтың ел экономикасын дамытуға бағытталған 7 басты қағидасын, елдеріңіздегі инвестициялық ахуалдың одан сайын жақсартылатынын естідік. Бұл бізді қанаттандырды.

Қос ел жасыл энергияны дамыту, ауыл шаруашылығы салалаларында да ортақ жобаларды жүзеге асырмақ. Құқықтық, заңдық тұрғыдан тәжірибе алмасуда «Қазақстан-Румыния парламентаралық достық тобы» мүшелерінің еңбегі зор. 

Флорин Йордаке, Румыния парламенті депутаттар палатасының вице-спикері, «Қазақстан-Румыния» парламентаралық достық тобының тең төрағасы:
Қазақстан қазір экономикалық, әлеуметтік жағынан қатты дамып келеді. Қос ел арасындағы достықтың нығаюына парламенттік, дипломатиялық деңгейдегі диалогтарымыз септігін тигізуде. Пандемия кезіндегі қиындықтарды да осы бірліктің, қолдаудың арқасында жеңіп, достығымыз нығая береді деген сенімдемін.

Қос ел мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақты тереңдетуге ынталы. Қазір мұнда 200-дей қазақстандық студент Румыния үкіметінің грантына оқып жатыр. Қазақ диаспорасының өкілдері мен Қазақстанда тұратын 20 мың румын тарихи отанына еркін қатынасын деп қос үкімет болашақта екі ортаға тікелей қатынайтын әуе рейсін ашуды көздеп отыр. 

Нұрсұлу Қасым

Румыния зауыт

Хабарламаларға жазылу