Құбыр бар да, газ жоқ. Түркістан облысында 13 елді мекен газсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құбыр бар да, газ жоқ. Түркістан облысында 13 елді мекен газсыз отыр

08.11.2020

Бар игілікті пайдалануға мүмкіндік жоқ тағы бір мәселе – табиғи газды тұтыну жайы. Дәлірегі – орталық және солтүстік өңірлерге тартылған «Сарыарқа» газ құбырына қосыла алмау. Әу баста құбыр бойында орналасқан 171 елді мекен, 2,7 млн адам газбен қамтылады деген. Үй жылытып, тұрмыстық қажетке газ пайдалану деген керемет ғой.  

Бірақ құбыр бойындағы елдің қолы жетпей отыр. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған тұрғындарының шағымы бойынша Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясы да депутаттық сауал жолдайды. Ал адамдар газды үйге кіргізу жұмыстарының және тарифінің қымбат екенін айтады.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда газды үйге кіргізудің құрылыс-монтажы мен қазандығы 350 мың теңгеден басталады. Бұл әрине, айлықтан айлыққа немесе зейнетақы мен жәрдемақыға өмір сүретін адамдар үшін өте қымбат.

Ал Түркістан облысы Келес ауданындағы Біртілек елді мекенінде төрт жыл бұрын газ құбырлары тартылғанымен, тұрғындарға көгілдір отын әлі күнге дейін берілмей келеді. Қазіргі таңда Келес пен Сарыағаш ауданындағы 13 елді мекенде осындай жағдай. Ал, Келес ауданындағы Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Алпамыс батыр ауыл әкімдігінде жолдар жылдар бойы жөнделмеген, электр бағаналары да ескірген.

Шекарадағы ауылдардың жайылым жерлері екі елдің жерін бөлу кезінде көршілес мемлекетке өтіп кеткен. Енді жұрт мал жаятын жер таппай отыр. Бір сөзбен айтқанда, халық тығыз орналасқан аймақтағы тіршіліктің түйткілдері туралы Айнұр Ақбаеваның кезекті репортажы.


Түркістан облысы елді мекен құбыр газ Халық коммунистері фракция Нұр-Сұлтан тариф

Хабарламаларға жазылу