Түркістан облысында оқушылар интернеттің әлсіздігінен сабақ оқи алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында оқушылар интернеттің әлсіздігінен сабақ оқи алмай отыр

06.11.2020

Түркістан облысында 800-ден астам елді мекеннің жартысына жуығы интернетпен қамтылмаған. Өңірде 24 мыңнан аса оқушысы бар 151 елді мекенде ұялы байланыс атымен жоқ. Ал, Өзбекстанмен шекаралас ауылдарда байланыс желісі көрші елдің операторларына қосылып, тарифтері жұтылып кететін жағдайлар көп. Салдарынан оқушылар сабақ оқи алмай отыр  

Келес ауданына қарасты Біртілек ауылының балалары қашықтан оқуға көшкелі бері қиындықтан көз ашпай келеді. Интернеттің әлсіздігінен тапсырманы орындамақ түгілі дер кезінде ала алмайды. Мектеп жасындағы төрт баласының да сабаққа ынтасы құрып, білім деңгейлерінің нашарлай бастағанын байқаған Ділбар Қасымова шама-шарқынша өзі оқытып жүр.   

Ділбар Қасымова, Біртілек ауылының тұрғыны:  
- Апайлары күнде балаларыңыз сабақ орындамайды, дайындамайды, кірмейді деп қоңырау шалады. Бірақ бізде сеть жоқ. Төмен сыныпта оқитын қызым бар. Қазір оның сабағы нашарлап кетті.  

Келес ауданындағы Өзбекстанмен шекаралас 5 ауылда ғаламтор желісі көрші елдің ұялы байланысына қосылып кетеді. Одан бөлек аудандағы мыңдаған халқы бар Ошақты, Қошқарата, Біртілек және Ақтөбе ауылдық округтерінде байланыс болғанымен, тым әлсіз.

Ержан Әшімов, Келес аудандық ақпараттандыру және әкімшілік бөлімінің бас инспекторы: 
- 40 пайызға жуығы бізде қазіргі таңда жоғары жылдамдықта емес. Онлайн сабаққа неге жүз пайыз жауап бере алмайды? Жамбыл ауылдық округінің Байғабыл елді мекенінде байланыс операторы мүлдем жұмыс жасамайды.  

Ал, облыс бойынша 838 елді мекеннің 206-сында интернет тым нашар. 100 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдар ұялы байланысқа мүлдем қосылмаған. Сондай-ақ, халқы тығыз орналасқан ондаған елді мекенде қосымша антенналар орнату қажет, дейді мамандар

Ерлан Жаңабаев, Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:  
- Пандемияға байланысты көп оқушылар, көп кісілер интернетке кіріп кетті. Бізге байланыс операторларына үлкен жүктеме болып кетті. Сол себепті құрылғы өткізу қабілеттілігі деген болады, сол төмендеп кетті.  

Салаға жауапты мамандар 357 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігінен көмек сұрап отыр. Ғаламтор желісіне зәру тағы 63 ауылдың тізімі Ұлттық экономика және Цифрлық даму министрлігіне жолданды.

Айнұр Ақбаева 


Түркістан облысы оқушы интернет

Хабарламаларға жазылу