Алматы облысының Ақсу ауданында Бөрібай батырдың ескерткіші ашылды. Өңір азаматтары Елбасының «Рухани жаңғыру болашаққа бағдар» атты мақаласына қолдау білдіріп, баһадүрдің еңселі мүсінін Жансүгіров ауылына орнатты. Бөрібай Сарыұлы - XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығында ерлігімен көзге түсіп, үш жүздің халқын Алаш туы астына біріктіріп, қол бастаған тарихи тұлға.
Бөрібай батыр талай қалмақ батырын жекпе-жекте жеңіп, босып кеткен халықтың басын біріктіріп, Сарыарқа төсінде Сарысу өзені маңына қоныстандыруымен тарихта қалды. Алайда Кеңес дәуіріндегі солақай саясат есімін ататпай, батыр туралы мәліметтер мақсатты түрде жойылып отырды. Себебі 30-шы жылдары Ақсу халқы сол кездегі билікке қарсы Бөрібайлап ұрандатып ,көтеріліс ұйымдастырған.
Берікбол Қасымов, ұйымдастыру кеңесінің төрағасы:Егемендік алғаннан кейін осы ақтаңдақтардың орнын қалпына келтірейік, шындықты қайтадан орнына келтірейік деген мақсатпен біз осы істі қолға алдық.
Биіктігі 5 метрден асатын салт атты мүсін қоладан құйылды. Тұғыры 7 метр. Айналасын абаттандыруға Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 52 млн теңге бөлінген. Мемориалдық кешенге бес тас қойылып, 300 батырдың есімі жазылды. Мұндағы мақсат - өскелең ұрпақты батылдыққа баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын:
«Көтеріп қолымызға бөрі байрақ, Жауға шаптым Бөрібайлап» дегенге келеді ғой. Бұл ұрпаққа айбын, ерлікке өнеге деп айтар едім.
Облыс орталығында «Матай Бөрібай батыр» және «Бөрібай батыр» атты екі кітап жарық көрді. Жас қаламгер Елдос Тоқтарбай мен жазушылар одағының мүшесі Арасанбай Естеновтің еңбектері өңірдегі барлық кітапханаларға жеткізілмек.
Қуаныш Қанатұлы