Ыстамбұлда коронавирус жұқтырғандар саны 62 пайызға көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда коронавирус жұқтырғандар саны 62 пайызға көбейген

30.10.2020

Соңғы бір аптада Түркияның ең ірі қаласы Ыстамбұлда коронавирус жұқтырғандар саны 62 пайызға көбейген. Түркияның денсаулық сақтау министрі елдегі бір күнде вирус анықталған 2 305 адамның 900-ден астамы, яғни 40 пайызы ыстамбұлдық екенін айтты. Аурудың күрт көбеюіне Ыстамбұлдың шетелдіктер көп келетін транзиттік қала екені да себеп болған. Қала басшылығы сақтық шараларын күшейтіп, бірқатар мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Дегенмен әзірге коменданттық сағат енгізу немесе қаланы карантинге жабу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

Фахреттин Қожа, Түркияның Денсаулық сақтау министрі:
-Соңғы күндері вирустың мутацияға ұшырағанын байқадық. Бұған дейін науқас адаммен 10-15 минут бойы жақын қашықтықта болсаңыз ғана жұғатын вирус, қазір одан да аз уақытта әсер ететін болған. Көпшілік тамақтану орындарында аз ғана уақыт маскаңызды шешсеңіз, вирус жұқтыруыңыз мүмкін. Сондықтан шама келгенше 6-8 адамнан артық жабық ғимаратта жиналмағандарыңыз абзал.

Бұдан бөлек, Түркия Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, келесі аптада коронавируске қарсы отандық вакцина тұңғыш рет ерікті адамдарға салынады. Қазір түркиялық ғалымдар үш жергілікті вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Егер сынамалар сәтті өтсе, екпе жаппай өндіріске келесі жылдың сәуір айында шығарылады деді министр.

Айдос Әшімұлы

Ыстамбұл коронавирус Түркия

Хабарламаларға жазылу