Басты Жаңалықтар Әлемде мұнай қымбаттап барады

Әлемде мұнай қымбаттап барады

Мұнай бағасы дүйсенбіден бері өсіп жатыр. Brent маркасының құны 110 долларға жуықтады. Қазір қайта 107 долларға саудаланып жатыр. «Ви-Ти-Ай» -дің баррелінің құны 102 доллар. Энергетикалық шикізаттың қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі фактор – Таяу Шығыста қақтығыстың ушыға түсуі.

Ормұз бұғазында кемелерге жасалған шабуыл нарыққа қысымды көбейтті. Бұл бағыт бойынша кеме қатынасы айтарлықтай азайған. Бұған қоса Сауд Арабиясының Шығыс-Батыс мұнай құбыры дрондар шабуылынан кейін  жабылды. Бұл бағыт корольдікке Ормұз бұғазын айналып өтіп, мұнай экспорттауға мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда Саудияның экспортқа арналған мұнай қоры тек бір аптаға жетуі мүмкін. Құбыр ашылмаса, әлем нарығы өзіне қажетті мұнайдың 4 пайызынан айырылады. Оның үстіне Парсы шығанағының араб елдері мен  Иран арасында Ормұз бұғазында кеме қатынасын реттеуге арналған келіссөз кейінге қалдырылды.

Тим Экснер, сарапшы:

«Шығыс – Батыс» құбыры жабылып, хуситтер Йеменнің оңтүстігіндегі бұғазды бұғаттағаннан кейін трейдерлер мұнай тасымалдау мәселесіне алаңдаулы. Энергетикалық шикізат күрт қымбаттады. Өңірдің мұнай секторына оның салдары қалай болатыны белгісіз.
Мұнай тасымалындағы тағы бір маңызды бағытқа қауіп төніп тұр. Ол – Қызыл теңіздегі Баб-эль-Мандеб бұғазы. Бұл жол арқылы әлемдік мұнай саудасының 10 пайызы өтеді. Әрі Азиядан Еуропаға теңіз арқылы тауар тасымалының ең қысқа жолы. Йемендегі көтерілісші-хуситтер бұғазға ықпалын күшейткен. Дегенмен олар халықаралық тасымалға қауіп төнбейтінін мәлімдеп отыр. Алайда мұндай тұрақсыздық кезінде шикізат бағасы әрі қарай өсуі мүмкін дейді Goldman Sachs, Bank of America сарапшылары.    

Тим Экснер, сарапшы:

Бағаның күрт өсуі нарықта инфляцияның өсуіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Бұл мәселе негізгі пайыздық мөлшерлемелермен тығыз байланысты. Инвесторлар әлемдегі орталық банктер бұл көрсеткішті жоғарылатуға мәжбүр болады деп алаңдайды.
Мұнай бағасының күрт өсуі нарықта инфляция жоғарылуы мүмкін деген болжамды күшейтіп отыр. Инвесторлар әлем елдерінің орталық банктері пайыздық мөлшерлемені көтеруі мүмкін деп алаңдайды. Мысалы АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі осы аптады бұл көрсеткішті 25 базистік пунктке жоғарылатуы ықтимал. Дегенмен АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде Иранмен қақтығыс аяқталғанда мұнай бағасы арзандайды, ал бұл күн алыс емес деп жазған еді.


Бөлісу