Елордада 50 % жол белгілері стандартқа сай емес - Замир Сағынов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 50 % жол белгілері стандартқа сай емес - Замир Сағынов

29.10.2020

Жүргізуші жолда үй жануарымен соқтығысатын болса, жол-көлік оқиғасына мал иесі толықтай жауап беру керек. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары осындай ұсыныс жасап отыр. Олар тиісті заңға өзгеріс енгізу қажеттігін айтады. Тек өткен жылдың өзінде республикалық тас жолды малды басып кету бойынша 104 оқиға тіркеліп, 36 адам қайтыс болған. Сондай-ақ, мамандар елді мекендерде жол белгілері дұрыс қойылмағанын айтады. Тексерілген 5 мыңдай белгінің 46 пайызы тиісті нормаларға сәйкес емес. 

Замир Сағынов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры: 
- Ауылдық, аудандық , облыстық жолдарға келер болсақ, жағдай күрделі. Тек қана Нұр-Сұлтан қаласын тексеріп шыққанның өзінде 50 пайыз жол белгілері стандартқа сай емес. Бұл қауіпсіздік мәселесі. Біз мұны қатаң бақылауға аламыз. 

Мамандардың сөзінше, тек соңғы 17 жылда елде 270 мың жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 49 мың адам қайтыс болған. Қаза тапқандардың тең жартысы - жастар. Олар көбінде жоғары жылдамдықпен жүрген екен. Сондай-ақ, жолдағы қайғылы оқиғалардың көбі жаяу жүргіншілер жолында болады. Мамандар сол себепті көлік иелеріне жолдағы мәдениетті сақтауды қатаң ескертеді.   

Фариза Мұсақызы


Замир Сағынов жол белгілері Нұр-Сұлтан

Хабарламаларға жазылу