Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын рекордтық жұқтыру болған - 465 322. Жалпы әлемде 42 млн-нан астам адамнан табылып, 1,1 млн адам көз жұмды. COVID-19 коронавирусы мен соған ұқсас пневмония бойынша біздің еліміздегі соңғы ақпар: COVID-19 вирусы ПТР тесті бойынша өткен тәулікте 152 адамнан анықталды, ресми дерек бойынша наурыздан бері жалпы саны 110 402.
Сондай-ақ, өткен тәулікте 52 адам емделіп шыққан, жалпы жазылып шыққандар 105 618, ресми ақпар бойынша жалпы қайтыс болғандар 1796.
Ал коронавирустық белгісі бар пневмония бойынша өткен тәулікте 163 ауру тіркелген, 18 адам емделіп шыққан. Тамыздан бері хатталады, тиісінше, сол уақыттан бері тіркелгендер саны 36 895, қайтыс болғандар 393.
Өсім жақсы емес. COVID-19 бен оған ұқсас пневмония бойынша тәулігіне 300-ден астам адам жұқтырып жатыр. Рейдтер көрсетіп отыр, ереже сақтауға ниет жоқ. Мысалы, той өткізу тыйылмай тұр. Айыппұл тойхана қожайындарын да, той иелерін де тоқтатар емес. Таразда арнайы топ өкілдері шағын шаһардағы тойханалардан бөлек, түнгі клубарды да аралаған олардың барлығында дерлік жұрт есікті іштен құлыптап алып, той өткізіп жатыр.
Қосымша деталь, алдында Жамбыл облысының әкімі мобильді топтардың тексерістеріне де күмән келтірді. Себебі қазанның бірінен ондай топтар облыстағы 1922 нысанды тексерген, алайда толтырған хаттама – 74. Б.Сапарбаев «бұған сену қиын, өйткені тұрғындар той жасап, салтанат құрып, онысын әлеуметтік желілерге салып жатыр. Ал мобильді топтар оларды көрмейді», деген.
Жайна Сламбек