Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге 15,3 млрд теңге жұмсалады

22.10.2020

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау дәстүрлі түрде өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл науқанның «Сайлау туралы» заңмен реттелетінін айтады. Аталған құжатта онлайн-дауыс беру қарастырылмаған. Сондай-ақ, Берік Имашев сайлауалды үгіт насихат кезінде және дауыс беру уақытында вирустың таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шара қабылданатынын айтты. Еске салайық, күні кеше Президент Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған еді. Сайлау 2021 жылдың 10-шы қаңтарда өтеді.  

Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы: 
-Бұл сайлауды да әдеттегі жүйемен, қағаз бюллетеньмен өткіземіз. Яғни, сайлаушыларымыз үшін бұл тұрғыда ешқандай жаңашылдық жоқ.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау біріктірілгендіктен 10 миллиард теңгедей қаржы үнемделеді. Яғни науқанға бас-аяғы 15 миллиард 300 миллион теңге жұмсалмақ. Олай болмағанда шығын 25 миллиард теңгені құраушы еді. Қаражаттың 60 пайызы сайлау комиссиясы мүшелерінің қызметіне, қалған ақша бюллетень, кеңсе тауарлары сияқты заттарға жұмсалады. Тағы 300 миллион теңге Covid-ке қарсы шараларға қарастырылған. Айта өтейік, қазір қоғам арасында пандемияға байланысты сайлау мерзімін ауыстыру жайы қызу талқылануда. Бірақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Конституциямыз бен тиісті заңдарда да карантин кезінде немесе өзге де жағдайларда сайлауды өткізбеу, уақытын ауыстыру көзделмегенін айтады. 

Ләйлә Дулатқызы

Мәжіліс мәслихат сайлау

Хабарламаларға жазылу