Мәжілісте алдағы үш жылдың республикалық бюджеті нақтыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте алдағы үш жылдың республикалық бюджеті нақтыланды

05.05.2021

Мәжілісте алдағы үш жылдың республикалық бюджеті нақтыланды. Заң жобасы 2025 жылға дейінгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамына сай әзірленген. Сонымен биыл қазына 1 трлн 100 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн 600 млрд-қа жетеді. Ал, шығыс 200 млрд теңгеге артып, 15,3 трлн теңге болды. Айта кету керек, ұлттық қордың кепілді трансфертіне де 850 млрд теңге қосылды.

Тарта жесең тай қалады. Бюджеттің әр тиыны санаулы. Экономиканың нақты бағыттарына 723 млрд теңге бөлінді. Күш құрылымдарына биыл 1 трлн 600 млрд теңге қаралып отыр. 211 млрдқа өскен. Ал әлеуметтік саланың қаржысы қомақты. Жалпы шығыстың 49 пайызға жуығы немесе 7 жарым трлн теңгесі тиді. Беруден бөлек үнем де бар.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Жалпы мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл блок шығыстарының азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты. Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд. теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге.

Депутаттар қолда барды ұқсата алмай отырған министрлерге сұрау салды. Биыл жол салуға және күрделі жөндеуге 277 млрд теңге бөлінді. Енді қосымша тағы 140 млрд теңге берілгелі отыр. Ол үшін конкурсты тез өткізіп, жауапты компания табу керек.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Қаржының негізгі бөлігі, яғни 100 млрд теңге жергілікті жолдарға жұмсалады. Бұл сома жергілікті бюджетке көмек ретінде бөлінбек. Қазір 80 пайыз құрылыс бойынша мердігерлері анықталды. Қалған 40 млрд теңге республикалық жолдарды орташа жөндеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаралған.

Қосымша қаржыға қарап отырған тағы бір нысан бар. Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысын аяқтау үшін 1,6 млрд теңге керек. Ал, былтыр 5,3 млрд теңге бөлінген. Ғимарат салынған, тек монтаждау мен қондырғыларды стандартқа сай орнату мәселесі қалып тұр. Бұл індетпен күрестегі ірі жоба.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осының барлығы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сессияның ашылуында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – осы бөлінген қаражатты алға қойған мақсаттарға тиімді пайдалану.

Қордаланған проблемаларды шешуге бөлінген қомақты қаржы мәжіліс депутаттарының қатаң бақылауында болады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу