Бельгияда мейрамханалар жабылып, коменданттық сағат енгізілді

19.10.2020

Еуропада коронавирус жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып, көктемдегі межеден де асып барады. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін Еуроодақ елдері мектеп, мейрамханаларды жауып, тұрғындардың көшеге шығуына тыйым салуда. Қазір бізбен Брюссельден Нұрсұлу Қасым байланысқа шықты. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:
-Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін Португалияда төтенше жағдай жарияланды. 10 млн халқы бар Чехияда вирус жұқтырушылардың саны 20 есеге өскен. Сондықтан, ел үкіметі мектеп, студенттік жатақханаларды жапты. Париж бен елдің тағы 8 ірі қаласында кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тұрғындарға үйден шығуға болмайды. Дәл осындай коменданттық сағат бүгіннен бастап Бельгияда да енгізілді. 
Александр Де Кроо, Бельгияның премьер-министрі:
-Біздегі вирустың таралуы дабыл қағарлықтай. Қазір біз соңғы, ең ауыр, 4-ші кезеңде тұрмыз. Көрсеткіштер наурыз-сәуір айындағыдан да жоғары, тіпті екі есеге көп. Бар ауыртпалық дәрігерлер мен ауруханаларға түсуде. Вирус әсіресе қарттарды аямай тұр. Сақтық шараларын күшейтпесек, індетті ауыздықтауымыз қиынға соғады. 

Бүгіннен бастап Бельгияда дәмханалар мен мейрамханалар да бір айға жабылды. Университеттер қайтадан онлайн оқуға көшіп жатыр. Премьер-министр халықты мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге шақыруда. Себебі, ковидті тәулігіне 9 мыңнан астам жұқтырып, ауруханаға түсушілердің қатары күннен-күнге көбейіп барады. Бүгін бір тәулікте вирус 33 адамның өмірін жалмады. Жалпы статистикаға келетін болсақ, бүгінге дейін Бельгияда коронавирусты 223 мыңға жуық адам жұқтырып, індеттен 10 мыңнан астам көз жұмды. 

Нұрсұлу Қасым 



Бельгия коменданттық сағат

Хабарламаларға жазылу