«Саны көп, сапасы жоқ»: Мусин ауылдағы интернет туралы

16.10.2020

Елде цифрландыруды ширату үшін тиісті министрліктің құзіретін арттыру керек. Сенатта өткен Үкімет сағатында Бағдат Мусин осылай деді. Оның айтуынша ауылдарға интернет тарту, түрлі платформалар әзірлеу бойынша жұмыстар сапамен емес санмен есептеліп жатыр. Соны бақылау үшін заңға өзгерістер енгізу керек. Бізде интернет сапасыз. Қазір ауыл түгіл қалада отырып, ғаламторға кірсеңіз құрылғыңыз қатып қалады. Бағдат Мусин бұған сапаға емес санға жұмыс істейтін компаниялар кінәлі дейді. Ал, интернеттің жылдамдығы бойынша тексеріс жүргізу үшін министрліктің құзіреті жеткізіксіз.

Интернет бар жерлердің өзінде онлайн оқу оңай болмай тұр. Індет басталғалы қашықтан білім беруге көшкенімізбен әлі де бір жүйеге келе алмай жатырмыз. Осыны ерекше назарға алу керек деді отырысқа онлайн қатысқан мұғалімдер.

Аятжан Ахметжан, «Qazbilim» республикалық орталығының директоры:
-Бүгін Kundelik.kz-ке ата-аналар кірмейді, қадағаламайды деген сын көп айтылады. Неге? Себебі Kundelik.kz қолданылуы өте ыңғайсыз. Мобильді нұсқасы жоқ деп те айтуға болады. Мұндай платформалар жалпы халыққа біртұтас қолжетімді болуы үшін түсінікті болуы керек деп ойлаймын.

Министр қазір білім беру бойынша барлығы 13 платформаның жұмыс істеп тұрғанын, қайсысы бәсекелестерінен оза шықса соған қолдау болатынын айтты. Дегенмен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мемлекеттік қызметті электронды ұсыну бойынша біраз шаруа атқарылған. Мәселен денсаулық сақтау кодексіне сай азаматтар ағзасын донорлыққа беру бермеу туралы шешім қабылдауы шарт. Қазір оны электронды жүргізуге болады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: 
- Кодекс күшіне енгеннен бастап 300 адам донорлықтан бас тартса, 6 адам келісім беремін деп жазбаша өтініш жазған. 2 күн бұрын бұны Egov-қа енгізіп электронды форматқа ауыстырдық. Осы 2 күн ішінде 500-ге жуық жауап келді. 

COVID-19-ға сынама тапсыратын зертханалардың барлығы ортақ базаға біріктірілді. Кім қашан сынама тапсырып, нәтижесі қандай болғанын көріп отыруға болады. Ал вирус анықталған азаматтардың жақындары мен әріптестеріне анализ тапсыру қажеттігі туралы анонимді түрде хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, жеке жүргізуші куәлігі, техникалық паспорт, диплом сияқты құжаттарды электронды форматқа ауыстыру бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. 

Оңғар Алпысбайұлы 

цифрландыру Бағдат Мусин

Хабарламаларға жазылу