Ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлемдер ұйымдастырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке «Birgemiz» қорымен бірлесіп осындай жұмысты жүзеге асыруды тапсырды. Бауыржан Байбек Елбасы тапсырмасымен ұйымдастырылған праймериз қорытындысы туралы да баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев праймериз сабақтастықты сақтай отырып, партия қатарын жаңартуға мүмкіндік берген нағыз әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент партияның сайлауалды бағдарламасын мұқият әзірлеп, нақты есеп жүргізу қажет екендігін айтты. Жоспарланған істі жүзеге асыру үшін партияның барлық күші жұмылдырылуы тиіс деді.
Бауыржан Байбек, «Nur-Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Сіздің тапсырмаңыз бойынша праймериз нәтижелі өтті. Партияластарымыздың 84 пайызы оған дауыс берді. Пандемия кезі болғандықтан 88 проценті электронды дауысқа барды. Ең көп дауыс алған 500 адамның ішінде қарапайым ұстаздар, дәрігерлер, жұмыскерлер бар. Праймериздің арқасында 41 мыңнан астам азаматтар партияның мүшелігіне өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Сауда және интеграция министрі Бахыт Сұлтановты қабылдады. Тұңғыш Президентке сауда жүйесін дамыту жоспары таныстырылды. Бахыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақпен сауда айналымын жетілдіру және кедергілерді жою бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Оңғар Алпысбайұлы