Нұр-Сұлтанда карантинді бұзғандарға 133 млн теңге айыппұл салынған

12.10.2020

Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын орындамаған жеке және заңды тұлғаларға 134 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта қатаңдатылады. Құрамында санитар мамандар, әкімдік пен полиция өкілдері бар шұғыл топтар сауда орындары мен жабық базарлардың жұмысын тексеріп жатыр. Нәтиже көрсеткендей, елорданың өзінде қарапайым ережелер сақталмайды. 

Сауда орындарының кіреберісінде кәсіпкердің немесе келушілердің дене қызуын өлшейтін құрал болуы міндетті. Демалыс күні есігін айқара ашқан «Алаш» базарында олай болмай шықты. Сатушыда құрал бар, бірақ қолданып көрмеген. Жақын маңдағы «Шарын» базары да бас дәрігердің талабын бұзған.

Дарын Сағитов, тілші:
Қаулыға сәйкес, жабық базарларға демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынған. Алайда талаптарды орындамай отырған сауда орындарының бірі - осы. Мұнда жеміс-жидек, көкөніс саудасы қызып тұр.
Әділхан Қалмырзаев, базар бақылаушысы:
Күннің суығына байланысты ішке кіріп жатырмыз. Енді сыртта жұмыс істейтін болады. Қойған талаптарын орындауға тырысамыз.

Санитарлық талаптарды сақтамаған шағын және орта бизнес иелеріне 30 дан 310 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. «Ережеге бағынбаған келушілер де жазадан құтылмайды», - дейді рейд ұймдастырушылары. Мысалы, көпшілік жиналатын орындарда ара қашықтықты сақтау аса маңызды.

Салтанат Ықыласова, Байқоңыр аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау басқармасы басшысының орынбасары:
Жеке тұлғалар болсын, кәсіпкерлік орын болсын 1,5-2 метр дейміз. Санитайзердің болуы міндетті. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге 627 әкімшілік айыппұл салынды. Оның өзі 133 млн теңгеден жоғары.

Ал демалыс күндері есігін тарс жапқан сауда үйлері көпке үлгі. Ашық базарлардағы кәсіпкерлер де ережелерді орындауға тырысып бағуда.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, демалыс күндері жұмыс істеген базарларда орынды жалға алушы кәсіпкерлер жазаға тартылмайды. Айыппұл басшылыққа салынады. Талапқа бағынбағандар тиісті органдарға түсініктеме беруге міндетті.

Дарын Сағитов

Нұр-Сұлтан карантин айыппұл

Хабарламаларға жазылу