Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Парламенттің жаңа спикері Мықтыбек Абдылдаевпен импичмент мәселесін талқылауға әзір. Кеше түнде ел астанасында жоғарғы кеңестің жасырын отырыс өткізгені белгілі болды. Депутаттар митингке қатысушылардан қауіптенсе керек, жиналатын жерін құпия сақтаған. Олар басты мәселе ретінде қырғыз басшысына импичмент жариялау қажет деп уағдаласқан.
Жасырын жиыннан кейінгі қызу пікірталас. Парламентшілер қырғыз басшысын тағынан тайдыру мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмаған сияқты. Ал бүгін Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси күштермен келіссөздер жүргізуді бастаған. Жогорку Кенеш төрағасымен телефон арқылы сөйлескен президент импичмент мәселесі күйіп тұрған жоқ, бастысы заң аясында қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру керек екенін атап өткен. Сондай-ақ билік басына жаңадан келетін лауазым иелеріне қатысты жарлықтарға қол қоюға дайын екенін де жеткізген.
Әзімбай Ғали, тарих ғылымдарының докторы:-Революция деген жақсы нәрсе. Егер де ол ың-шыңсыз, реформалармен болса. Күйрету - бизнесті шошыту, революция осы екен деп тәртіпсіздік деп түсіндіру берекесіздік, тонаушылық кездесті. Дұрысы - жоғарыдан төмен реформа жасау.
Көшеге шыққан жастардың белсенділігі бәсеңдер емес. Төртінші тәулікке ұласқан Бішкектегі бейберекетсіздіктен тоз-тозымыз шықты деген ел ағалары жұртты сабырға шақыруда. Олар ұлт мүддесін алға қойып, «бөлінгенді бөрі жейдінің кебін кимеуді» сұрап отыр.
Көрші елдегі түрлі саяси күштер арасында билікке талас әлі қызып тұр. Дегенмен, бүгін Қырғызстанның күш құрылымы саясаткерлерден келіссөздер үстеліне отыруды талап етіп жатыр. Тәртіпсіздік басталғалы төбесін көрсетпеген президент Сооронбай Жээнбеков, Матраимов және экс-премьер-министр Абылгазиевке қатысты елдің Бас прокуратурасы 3 бірдей қылмыстық іс қозғап үлгерді.
Жазира Оразқызы