Қырғызстанда SWIFT жүйесі жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда SWIFT жүйесі жұмысын тоқтатты

07.10.2020

Бұл ішкі капиталдың сыртқа шықпауы үшін жасалған қауіпсіздік шарасы. Бұдан соң ішкі және халықаралық ақша айналымына шектеу қойылды. Сондай-ақ, елдегі саяси жағдай салдарынан елдің сыртқы саудасы тоқтады. Экономиканың экспорт пен импорт сынды маңызды секторы тұралап қалды. Себебі, банк кәсіпкерлердің кедендік төлемдерін қабылдамай жатыр. Қаржы мекемелері жағдай тұрақталғанша жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Көрші ел негізінен сыртқа ауыл шаруашылық өнімдерін шығарады. Онсызда Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі биылғы қаңтар-тамыз айларында 5,9%-ға дейін төмендеп кеткен болатын. 

Мақсат Халық, экономист, GSB UIB директоры:  
-Алдағы қысқа мерзімде 1 млрд долларға дейін өзара сауда айналымын жеткізу жоспарда болған. Әрине, ол жақтағы саяси жағдай күшейе беретін болса, шекаралардың жабылуы орын алуы мүмкін. Бұл белгілі бір деңгейде Қазақстанға да, Қырғызстанға да экономикалық жағынан тиімсіз жағдай орын алады. 

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қырғызстандағы инвесторлардың жағдайына алаңдаушылығын білдірді. Бұл туралы ұйымның Қырғызстандағы өкілі Озонниа Ожиело Қырғызстанның сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбековпен кездесуде айтты. Себебі, жаппай тәртіпсіздік салдарынан белгісіз біреулер шетелдік компаниялардың нысандарына шабуыл жасай бастаған. Мәселен, Талас облысындағы Джеруй кен орнында жұрт қойманы тонап, алтын өндіретін қойманы өртеп жіберген.

Біріккен Ұлттар Ұйымы SWIFT Қырғызстан

Хабарламаларға жазылу