Коронавирустың екінші толқыны басталып кетсе Үкімет тас-түйін дайын отыруы тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы жауаптыларды жинап әзірлікті пысықтады. Үкіметтің ел экономикасын әлсіретпеудегі шараларын оң бағалап, ширақ қимылдағанын атап өтті. Десе де ақсап жатқан тұстардың бар екенінде жасырмады.
Көп елде індет қайта індеп барады. Эпидахуал нашар. Қорқып отырмай, қам жасау қажет. Жағдай ушықса, мемлекеттік органдар сақадай-сай тұруы тиіс. Президент вируспен күресте керек ең негізгі заттар қымбат екенін айтты. Әлемде тестілеу арзандатылып жатса, бізде бағасы 10 мыңнан 18 мың теңге аралығында. Ал масканы 60 теңге деп бекітеміз,-деген Үкімет әлі жүр. Ресейде болса, бетперденің шекті бәсі 20-30 теңге.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын.
Бұған дейінгі вируспен күресте жұрт дәрі-дәрмек іздеп, көше кезіп кетті. Президент тапшылыққа жол бермеуді қатаң тапсырды. Жауаптылар препараттардың екі айлық қоры бар,-деп ақталды. Бірақ, өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі біркелкі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қажетіліктерге 200 млн теңге қарастырылса, Маңғыстауда – 300 млн, Елордада 1 млрд 600 млн теңге, ал Алматыда 5 млрд теңге жұмсау көзделген.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев 2 апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды тапсырды. Сосын вирустың екінші толқыны келсе, алдыңғы шепте тағы медицина қызметкерлері тұрады. Ал ақ халаттыларға арнайы 150 млрд теңге бөлінген. Алайда үстемақысы мен сақтандыру төлемдерін әлі күнге ала алмай сенделіп жүр. Бүгінде індеттен 182 маман көз жұмса, тек 37 отбасына жәрдемақы берілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс.
Президент Денсаулық сақтау министрінен вакцинаның мән-жайын сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Азаматтарды вакцинациялау бойынша жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр? Онсыз болмайды. Бәрі де қамтамасыз етілуі керек. Осылайша адамдардың жұқтыруының алдын алу керек.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:-Біз қазір екпені жеткізушілермен келіссөз жүргізудеміз. Оның алғашқысы ресейлік Спутник 5 вакцинасы. Ресми түрде тасымалдай бастағанда бізге беретіні туралы кепілдемесін алдық. Қосымша сол елдегі Астразенека компаниясымен де мәміле жасалып жатыр. Ал басымдықты отандық вакцинаға қойып отырмыз. 1-ші және 2-ші кезеңде де клиникалық сынақтан сәтті өтті. Еріктілерге салынуда. Енді Білім министрлігімен бірлесе қараша-желтоқсанда жұмысты аяқтауымыз керек. Сосын 3-ші фазаға өту бойынша құжат күтіп отырмыз. Тағы вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Жылдамдату керек. Азаматтарға вакцина қажет. Әрине, ерікті түрде жүргізіледі. Сатып алынсын, өзіміздікі болсын бастысы қамтамасыз етілсін. Соған ерекше екпін қойылсын.
Сала министрі індеттің үш нұсқада үдеуі мүмкін деп болжайды. Егер пессимисттік көзқараспен қарасақ маска тағу тәртібі 60%-ға сақталса, қазан-желтоқсан айында жұқтырушылар саны 190 мыңға жетеді. 65 мың адам ауруханаға түседі. Локдаун желоқсанның ортасында енгізіледі. Ал жағдайды шынайы бағаласақ 70% бетпердемен жүрсе онда 90 мың адам ауруға шалдығып, 30 мың төсек орны керек. Шектеу қаңтарда болады. Соңғысы 100% маска тақса, 40 мың адам жұқтырып, 15 мыңы ауруханада емделеді.
Мемлекет басшысы басқа да ауру түрлеріне тоқталды. Ана мен бала денсаулығы бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Былтыр 8 айда 36 әйел, ал биыл сол аралықта 131 әйел қайтыс болды. Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 13 есе, Қызылорда өңірінде 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ.
Қазақстан елдегі экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуінен шыға алды. Бизнесті ынталандыру шаралары қабылданып, әлжуаз топтарға көмек көрсетілді. Дүниежүзілік банк елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынын жоғары бағалады. Бірақ, оған тоқмейілсімеу керек,-деді Президент. Өйткені, әлем бойынша жақындап келе жатқан пандемияның екінші толқыны жаңа міндеттер жүктейді.
Нысаналы Ығыл