Қиын кезеңнен шығудың жолын Абай ілімінен табуға болады – Елбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қиын кезеңнен шығудың жолын Абай ілімінен табуға болады – Елбасы

07.10.2020

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді. Онда Тұңғыш Президент Абайды алғаш таныған сәтінен бастап, ақынның өсиеттері өміріне қалай әсер еткеніне дейін жазған. Кез келген шешім қабылдар алдында Елбасы алдымен Абаймен үндесті. Себебі хәкімнің жолы адастырмайды. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге жетелейді. Әр өлеңі өсиет. Тек терең бойлай алу керек. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-...Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді.
Алмахан Мұхаметқалиқызы, Абайтанушы: 
-Ішімде жүрген біраз мәселелерге жауап берді. Соның бірі Елбасының Абайды бала кезімнен бойыма сіңіріп өстім деген жолдары бар екен. Соған қатты қуандым. Мақаладан Абайға қарай жүріп келе жатқан жолымның тағы бір қырын таныдым. Бала Абайдың тақырыбына келіп жүргенім дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақтарыма жауап тапқан сияқты болдым.

Ақынның сөзі Елбасының құлағына бесік әлдиімен бірге сіңген. Содан бері темірқазығы. Ұлы ойшылдың ғибраттары ел басқарудағы іс-әрекетіне де ықпал етті. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімі ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп..» қағидасымен іштей үндесіп жатыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
- Абай айтқан осындай «алты бақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім. Кезінде жер жүзінде теңдесі жоқ институт атанған Қазақстан халқы Ассамблеясының менің бастамаммен дүниеге келіп, елдегі татулық пен тұрақтылықтың ұйтқысына айналуының өзі ел бірлігінсіз еш ұлы мақсаттың орындалмайтынын жете түсінгендіктен жүзеге асты деп пайымдаймын.

Мақаланың «Абай аманаты» деп аталуы да бекер емес. Ақынның мұрасы әркімнің өмірлік мұратына айналуы тиіс. 

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:
-Н.Назарбаевтың үлкен қолға алған жұмысы Абай өсиет еткен елдің бірлігі. Соны ұстап қалды. Осы үшін біз қашанда риза болуымыз керек. 

«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз». Елбасы Абайдың осы өнегесін ескере отырып, «Болашақ» стипендиясы тағайындалғанын еске алды. Соның арқасында сол заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары қазір әлемнің ең таңдаулы университтерінде білім алуда. Осындай кесек ойлар арқылы Абай аманатын орындау басты парыз екенін меңзеді. Қазіргі қиын кезеңнен шығудың жолын да Абай ілімінен табуға болады, дейді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Лайым солай болсын!».

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Елбасы мақаласында құндылықтарды бағалай білуге шақырды. Әрі Абай өсиеті әр жастың игі істерінен көрініс табатынына сенім білдірді.

Асима Нұрбайқызы

Egemen Qazaqstan Нұрсұлтан Назарбаев Абай аманаты мақала Тұңғыш Президент

Хабарламаларға жазылу