Бішкектегі толқулар басылар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкектегі толқулар басылар емес

07.10.2020

Бішкектегі митингілер бүгін де жалғасты. Көршілес елдегі тәртіпсіздіктер әлі де тыйылар емес. Қақтығыстар салдарынан мыңға жуық адам түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Ақ үйдің тас-талқанын шығарғандар бүгін басқа қалаларда да наразылық шарасын өткізіп жатыр. 

Саяси хаос. Әлем елдері астан-кестеңі шыққан, айыр қалпақты ағайынның бүгінін осылай бағалап жатыр. Кеше түн ортасында Оштың орталық алаңында бұрынғы мэр Мелис Мырзакматов қырғыздар үшін шешуші күн туғанын айтып, бір сағатқа жуық үгіт-насихат жүргізді. Ал бүгін белгілі болғаны: елдің ең ірі Ош облысын кезінде «қылмыс әлемінің серкесі» болған, марқұм Алмамбет Анапияевтің бауыры басқаратын болды. Қырғыз ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қалмамат Анапияевті ұжымға таныстырып та қойған. 

Наразы топтың тәртіпсіздігі, әсіресе, ел астанасында басылар емес. Шерушілер кеше кешкілік Парламенттің шұғыл отырысы өтіп жатқан «Достық» қонақүйін басып алған. Бұзақы топ бірнеше дүкен мен мейрамхананы сау тамтығын қалдырмай қиратып, тонап кеткен. Ал бүгін белгісіз біреулер қалалық су арнасын рейдерлік жолмен басып алуға әрекет жасаған.  

Жазаның жаңа түрі. Қошқор ауданында ашуға булыққан тұрғындар ауыл басшысы мен тәртіп сақшысын талға байлап тастаған. Бәзбіреулер қарудан оқ атты деген желеумен жазамаламақшы болыпты. 

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:
Наразалықты білдіру үшін бас салып жиналу, қирату, тас атқылау, дүкендерді тонау секілді тәртіпсіздіктерді құрал ретінде қолдану дұрыс емес. Бұл бейберекетсіздік көрші елде қалыпты жағдайға айналып барады. Қырғыз республикасының тұрақтылығын қалыпқа келтіретін ірі тұлғалар жоқтың-қасы. Сондықтан қарапайым халық опық жеп қалмаса болғаны. 

Бүгінге дейін Қырғызстан ауруханаларына митингтер кезінде зардап шеккен мыңға жуық адам қаралған. Түрлі жарақаттар алған 205 тұрғын ем алуға жатқызылып, бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ұлттық госпитальда 2001 жылғы ер адам қайтыс болған. Осылайша бейбіт күнде Бішкекте басталған бейберекетсіздік республиканың барлық аймақтарына салқынын тигізіп жатыр.

Жазира Оразқызы, Қуан Нұрақын

Қырғызстан

Хабарламаларға жазылу